«Қызыңыз өзі қалғысы келеді»: Шымкентте Нұрай Серікбайдың ісіне ұқсас тағы бір қылмыстың беті ашылды

Түркістан облысының 16 жастағы тұрғыны әлеуметтік желі арқылы бір жігітпен танысып, кейін оның шақыруымен кездесуге шыққан.

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін тағы бір отбасы полицейлердің әрекетсіздігіне шағымданып отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты 7-арнаға сілтеме жасап.

Олардың айтуынша, кәмелетке толмаған 16 жастағы қыздарын 20 жастағы жігіт алып қашып, оған күш қолданған. Кейін істің жабылып қалғанына наразы болған отбасы қайтадан құзырлы органдарға жүгінген.

Айтуынша, оқиға үш жыл бұрын болған. Түркістан облысының 16 жастағы тұрғыны әлеуметтік желі арқылы бір жігітпен танысып, кейін оның шақыруымен кездесуге шыққан. Жәбірленушінің сөзінше, жігіт оның телефонын алып қойып, Шымкентке алып кеткен. Сол жерде жалдамалы пәтерде оған күш қолданылған.

Кейін күдікті қызды өз үйіне апарып, туыстарына оны «келін» ретінде таныстырған. Қызын алып кету үшін келген әкесіне де күш қолданылғаны айтылады. 70 жастағы әкенің айтуынша, олар бірден полиция шақырып, ресми арыз жазған, бірақ полиция қызметкерлері істі тергеудің орнына, арыздан бас тартуға үгіттеген.

— Бізге «қызыңыз өзі қалғысы келеді», «жігітті неге соттатасыздар» деген сөздер айтылды. Тіпті моральдық қысым көрсетілді, — дейді жәбірленушінің әкесі.

Сол жылы полиция істі тоқтатқан. Қыздың айтуынша, ол күдіктінің үйінде үш ай тұрған, оқуды жалғастыруына мүмкіндік берілмеген, қаржылық және психологиялық қысым көрген. Тек үш айдан кейін ғана қашып шыққан. Қазір 18 жасқа толған қыз және оның отбасы істі қайта қарауды талап етіп отыр.

Адвокат Гүлайхан Тұрсыманованың айтуынша, сот-медициналық сараптама қорытындысында денсаулыққа зиян келгені көрсетілген.

— Біз арызды қайта тапсырдық, алайда әлі нақты жауап жоқ. Соңғы кездері қыздардың қаза табуы мен кәмелетке толмағандарды алып қашу фактілері жиілеп кетті. Бұл — құқық қорғау органдарының салғырттығының салдары, — деді адвокат.

Ал полиция өкілдері тергеу барысында қылмыс белгілері расталмағанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, куәлардан жауап алынған, беттестірулер жүргізілген, бейнежазбалар зерттелген, бірақ жиналған деректер қылмыс құрамын дәлелдемеген.

 

Шымкент қаласының прокуратурасы да істің қылмыс құрамы толық болмауына байланысты тоқтатылғанын растады. Ал істі қайта қарау мәселесіне қатысты нақты жауап берілген жоқ.