Әлібек Нәутиев, Сенат депутаты: Құрылтай ерекшелігімен есте қалды

20 қаңтарда Қызылорда қаласында өткен Құрылтай өзінің бірқатар ерекше­лігімен есте қалды деп айтуға толық негіз бар.

Ұлттық құрылтайда елдің болашағы үшін маңызы бар реформалар мен жаңа бастамалар көтерілгені баршамызға мәлім. 

Оның алғашқыларының бірі – еліміздің Конституциясына енгізілетін өзгерістер. Бұл мәселеге орай қоғамның барлық саласының өкілі қамтылған Конс­титуциялық комиссия құрылып, өз жұмысын бастап кетті.  Бүгінде аталған комиссияның ал­ғаш­қы қорытындылары шығып, ол жөнінде баспасөзде, әлеуметтік желіде талқылау кеңінен жүріп жатыр. Шындығында, Ата Заңға елеулі өзгеріс енгелі тұр.

Елдің үлкен талқылауында болып жат­қан келесі мәселе – елімізде бір пала­та­лы Парламент құрылуы. Бұл мәселе көптеген жылдан бері көтеріліп келе жат­қанмен, былтыр Мемлекет бас­шысы Қазақстан халқына арнаған Жол­дауында оның нақты кезеңдерін атап өткен болатын. Әрине, өткен отыз жылдан астам уақытында еліміздің даму кезеңіне сай, көптеген әлеуметтік, экономикалық, саяси тұрғыдан өзгерістер болды. Сон­дық­тан бұл – қазіргі заман талабы деп ойлаймын.

Президент болашашақта Парламентті Құрылтай деп атау жөнінде және  оның өкілдерінің сапасына баса назар аударып, оның кәсіби деңгейін арттыруға ерекше тоқталып өтті. Сонымен қатар өздеріңізге мәлім, жұмыс тобы отырысының қорытын­дысымен 145 депутаттық орын, төрағаның 3 орынбасары мен 8 комитет болатыны туралы шешім қабылданды.

Бұдан кейінгі талқыланған мәселе – жаңа мемлекеттік институт – Қазақ­станның Халық Кеңесін құру туралы шешім. Оның құрамында этномәдени, ірі қоғамдық бір­лестіктер мен мәслихаттар және қоғам­дық кеңестер өкілдері енетін болады.

Сондай-ақ Президент Қазақстан Республикасының вице-президенті инсти­тутын құру соңғы жылдардағы елімізде қалыптасқан саяси құрылымның қисынды аяқталуы екенін атап өтті.

Бұл реформалар еліміздің болашақта дамуына өзіндік әсер етіп, халқымыздың болашаққа деген сенімін арттырады деп ойлаймын.