Наурыз тілек
Наурыз тілек
 width= Бақытбек СМАҒҰЛ, Мәжіліс депутаты:

Тыныштық салтанат құрсын!

Әз-Наурыз – мыңжылдықтар бұ­рын қасиетті қазақ жерінде өмір сүрген ай­бын­ды да абыройлы бабаларымыз бен қазіргі ұлағатты ұрпақ арасын байла­ныстырып тұрған ең көне, ең асыл құн­ды­лықтары­мыздың бірі. Елімізге бақ қонды, дастарқанға ақ толды. Ұлтымыз ұлық тұтқан барлық құн­ды­лық­тар оралды. Бауырды қауыштырған, аразды табыстырған әз-Наурыз – қашанда бірлік пен татулық мерекесі болған. Біздің бабаларымыз ынтымақ пен бірлікті тірліктің темір­қа­зығы, елдіктің өлшемі, тұрақтылықтың тұтқасы деп білген. Тәуел­сіздіктің ширек ғасырдан артық уақытында бірлігіміз бен бірауыз­дылығымыздың арқасында біз айдынды елге, әлеуетті мемлекетке айналдық. Сондықтан баршаңызды алдағы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Наурыздан-наурызға басымыз аман, бауырымыз бүтін жетуге жазсын! Шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын! Денсаулық мықты болсын! Әр отбасында, біздің ортақ шаңырағымыз – Қазақстанда бейбітшілік пен тыныштық салтанат құрсын!      width= Роза МҰҚАНОВА, жазушы:

Елмен бірге көктей берейік!

– Наурыз мерекесі халқымыздың сары­ла күтіп, сағынып қауышатын, ағайын-ту­ғанмен көрісіп, қауқыл­да­сып қуанатын, көк көтеріліп, көңіл сергітіп, қанатын кеңге жаятын шағы. Мерекенің ұлысы Науры­зымыз құтты болсын! Берекесі жарасқан, үлкен-кішіні құрмет тұтқан халқымыздың бірлігі арта берсін! Салт-дәстүрін сақтаған ұлтымыз бақыт­ты болсын! Елмен бірге көгеріп, елмен бірге көктей берейік!      width= Қарақат ӘБІЛДИНА, әнші:

Халқымызға береке-бірлік жазсын!

Тамыры тереңге бойлаған әз-Нау­рыз хал­қымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынты­мақтың мерекесі. Дәл осы кезең қыс­тың көбесі сөгіліп, тір­ші­лік атаулыға жан бітіп, жасарып, жаңаратын шақ. Наурыз мейрамы – береке-бірліктің бастауы, жақ­сы­лықтың жаршысы. Бұл күн өткен жылғы өкпе-ре­ніштерді ұмы­тып, татуласуға шақырады. Сондықтан Ұлыстың ұлы күнін еліміз думандатып, дүркіретіп қарсы алған. Көптеген ұлттық салт-дәстүріміз де осы мерекеде көрініс табады. Ота­нымызға – амандық, халқымызға – береке-бірлік, мем­ле­кетімізге – молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілеймін!      width= Нұркен ӨТЕУІЛОВ, актер:

Әр отбасына бақыт тілеймін!

Наурыз – Ұлыстың ұлы күні! Ақ­тың молаятын, жарықтың ұзаратын күні. Сол мерекеде тіршіліктің жаңа­ра­тын, өмірдің жаңғыратын, күн мен түн­нің теңелетін, та­би­ғаттың оянатын шағы. Міне, осын­дай ұлы мереке қа­зақтың басына бақ әкелсін, бейбітшілік сыйласын! Ел-жұрт аман­дығын, жеріміздің бүтіндігін тілей­мін! Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын, Пәле-жала жерге еніп, Қайда барса жол болсын! – деп бұрынғы ата-бабаларымыз бата жасап бет сипайды екен. Бұдан артық қандай ақ тілеу болуы мүмкін! Әр отбасына тыныштық, татулық, береке-бірлік, бақыт тілеймін!