Тыныштық салтанат құрсын!
Әз-Наурыз – мыңжылдықтар бұрын қасиетті қазақ жерінде өмір сүрген айбынды да абыройлы бабаларымыз бен қазіргі ұлағатты ұрпақ арасын байланыстырып тұрған ең көне, ең асыл құндылықтарымыздың бірі. Елімізге бақ қонды, дастарқанға ақ толды. Ұлтымыз ұлық тұтқан барлық құндылықтар оралды. Бауырды қауыштырған, аразды табыстырған әз-Наурыз – қашанда бірлік пен татулық мерекесі болған. Біздің бабаларымыз ынтымақ пен бірлікті тірліктің темірқазығы, елдіктің өлшемі, тұрақтылықтың тұтқасы деп білген. Тәуелсіздіктің ширек ғасырдан артық уақытында бірлігіміз бен бірауыздылығымыздың арқасында біз айдынды елге, әлеуетті мемлекетке айналдық. Сондықтан баршаңызды алдағы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Наурыздан-наурызға басымыз аман, бауырымыз бүтін жетуге жазсын! Шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын! Денсаулық мықты болсын! Әр отбасында, біздің ортақ шаңырағымыз – Қазақстанда бейбітшілік пен тыныштық салтанат құрсын!Елмен бірге көктей берейік!
– Наурыз мерекесі халқымыздың сарыла күтіп, сағынып қауышатын, ағайын-туғанмен көрісіп, қауқылдасып қуанатын, көк көтеріліп, көңіл сергітіп, қанатын кеңге жаятын шағы. Мерекенің ұлысы Наурызымыз құтты болсын! Берекесі жарасқан, үлкен-кішіні құрмет тұтқан халқымыздың бірлігі арта берсін! Салт-дәстүрін сақтаған ұлтымыз бақытты болсын! Елмен бірге көгеріп, елмен бірге көктей берейік!Халқымызға береке-бірлік жазсын!
Тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Дәл осы кезең қыстың көбесі сөгіліп, тіршілік атаулыға жан бітіп, жасарып, жаңаратын шақ. Наурыз мейрамы – береке-бірліктің бастауы, жақсылықтың жаршысы. Бұл күн өткен жылғы өкпе-реніштерді ұмытып, татуласуға шақырады. Сондықтан Ұлыстың ұлы күнін еліміз думандатып, дүркіретіп қарсы алған. Көптеген ұлттық салт-дәстүріміз де осы мерекеде көрініс табады. Отанымызға – амандық, халқымызға – береке-бірлік, мемлекетімізге – молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілеймін!Әр отбасына бақыт тілеймін!
Наурыз – Ұлыстың ұлы күні! Ақтың молаятын, жарықтың ұзаратын күні. Сол мерекеде тіршіліктің жаңаратын, өмірдің жаңғыратын, күн мен түннің теңелетін, табиғаттың оянатын шағы. Міне, осындай ұлы мереке қазақтың басына бақ әкелсін, бейбітшілік сыйласын! Ел-жұрт амандығын, жеріміздің бүтіндігін тілеймін! Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын, Пәле-жала жерге еніп, Қайда барса жол болсын! – деп бұрынғы ата-бабаларымыз бата жасап бет сипайды екен. Бұдан артық қандай ақ тілеу болуы мүмкін! Әр отбасына тыныштық, татулық, береке-бірлік, бақыт тілеймін!