Халық кеңесі Құрылтайдың баламасы емес – Елнұр Бейсенбаев

Депутаттың айтуынша, бір палаталы Парламент құру туралы шешім «Ықпалды Парламент» формуласының нығаюын білдіреді.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырысында жаңа Парламентті құрудың негізгі аспектілеріне тоқталды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Елнұр Бейсенбаев Құрылтайдың ықшам әрі ұтымды болатынын айтты. Бұл ретте Конституциялық комиссия қосымша бюджеттік шығындарға жол бермеуді барынша ескеріп отыр.

− Біз «тек билік үшін көбірек билік қалыптастырудан» бойды аулақ салдық. Егер парламентарийлер санын стандартты еуропалық формулаға сүйеніп, халықтың саны немесе аумақтық қағидат бойынша есептесек, Құрылтайда 500-600 депутат болар еді. Мәселен Еуропада депутаттар саны шамамен әрбір 25 мың адамға бір Парламентарий болуы керек деп есептейді. Ал біздің жағдайымызда «140 мың адамға − бір депутат» формуласы пайдаланылып отыр. Қазақстанның болашақ Құрылтайы еуропалық стандарттармен салыстырғанда 5 есе аз ықшамдалған Парламент болады. Комиссия саналы түрде «мобильді әрі ықшам Парламент» формуласын таңдап отыр, - деді Елнұр Бейсенбаев.

Мәжіліс депутаты екінші аспект ретінде процедуралық тығырықтан және биліктің шамадан тыс қат-қабат болуынан бас тартуды атады. Әлемдік тәжірибе үлкен парламент − әрдайым қуатты парламент бола бермейтінін және ол көбіне заң шығару ісін тежейтінін көрсеткен.

− Ұлыбританияда Қауымдар палатасында 650 адам, ал Лордтар палатасында 800-ден астам мүше бар. Соның салдарынан әлеуметтік маңызы бар заңдар палаталар арасында 20 реттен астам кері қайтарылған. Бұл алып механизмді қалайда жұмыс істету үшін үкімет пікірталасқа шектеу қоюға мәжбүр. Дәл осы себепті Мемлекет басшысы депутаттар санының шамадан тыс көбеюін орынсыз деп атады. Нақты регламенті бар және заңдар үш оқылымда қаралатын бірпалаталы Құрылтай − шексіз мақұлдаулардан, кулуардағы компромистерден және жауапкершіліктің бұлыңғырлануынан саналы түрде бас тарту, − деді Мәжіліс депутаты.

Депутаттың айтуынша, бір палаталы Парламент құру туралы шешім «Ықпалды Парламент» формуласының нығаюын білдіреді.

− Ел тарихында алғаш рет, қабылданған әрбір екінші ұлттық заңның бастамашысы − Парламент Мәжілісінің депутаттары болып отыр. Олар заңсыз шығарылған активтерді қайтару, «Ұлттық қор − балаларға», лудоманияға қарсы іс-қимыл, нашақорлықпен күрес, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, Цифрлық кодекс және жасанды интеллект сияқты өмірлік маңызды заңдарды әзірлеген. Әлеуметтану өлшемдері де азаматтардың Парламент институттарына, әсіресе Мәжіліс депутаттарына сенімінің жоғары екенін айқын көрсетіп отыр. Бұл мемлекеттік басқару жүйесінде өкілді биліктің рөлі айқындаушы сипатқа ие болғанын айғақтайды, − деді Елнұр Бейсенбаев.

Сондай-ақ Елнұр Бейсенбаев Халық кеңесі Құрылтайдың баламасы емес екенін айтып, оның мәніне тоқталып өтті.

– Халық Кеңесі Парламенттің баламасы емес. Және онымен бәсекеге түспейді.  Ол – тұрақты қызмет ететін консультативтік орган, мемлекет пен халық арасындағы алтын көпір. Оның өкілеттігі конституциялық заңда нақты белгіленетін болады. Кеңес өзі қалаған кезде жиналмайды, әрі тағы бір Парламентке айналмайды. Оның міндеті – қоғамның талап-тілегін жинақтау, ішкі саясат, қоғамдық келісім, ұлттық бірлік және құндылықтар мәселелері бойынша ұсыныстар тұжырымдау.  Сонымен қатар, Халық кеңесінің Құрылтайға заң жобаларын ұсыну, республикалық референдумға бастамашы болу құқығына ие болғаны маңызды. Осылайша, біз әр құрылымның өз рөлін нақты айқындауға қол жеткіземіз. Яғни, Құрылтай – шешім қабылдайды және саяси жауапкершілік арқалайды. Халық кеңесі – қоғамдық сұраныс пен күн тәртібін қалыптастырады. Ал Тыңдау дегеніміз – үздіксіз талқылау емес, уақытылы шешім қабылдау. Міне, тап осындай Құрылтай мен Халық кеңесі ғана жаңа Конституцияның жай декоративті элементі емес, нақты жұмыс істейтін институтына айналмақ, - деді депутат.