Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық комиссияның кезекті отырысында жаңа Конституция жобасы қоғам мен мемлекеттің дамуындағы стратегиялық міндеттерге жауап беретінін және Қазақстан мемлекеттілігінің негіздерін нығайтуға бағытталғанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оның сөзінше, жобада ұсынылған жаңашылдықтар елімізде қалыптасқан мемлекеттіліктің конституциялық негіздерін күшейте отырып, қайта бекітеді. Адам құқықтары мен Конституция негізінде құқық үстемдігін қамтамасыз етуге қажетті жағдайлар жасайды.
– Конституция жобасындағы ережелер «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасының логикасына сай келетінін, елдің одан әрі дамуы үшін мызғымас институционалдық негіз қалыптастырады. Конституция жобасына енгізілген ережелер қоғам мен мемлекет эволюциясының жаңа бір кезеңін ашуға негіз қалайды, – деді Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов.
Сонымен бірге Бақыт Нұрмұханов Конституциялық комиссия мүшелерінің, сондай-ақ белсенді азаматтар мен ұйымдардың ұсынымдары ара қарай жұмыс барысында да құнды азық болатынын жеткізді.