Қазақстандықтардың өмірі 1 ақпаннан бастап қалай өзгереді?

Ақпан айында елімізде бірінші сынып оқушыларына қосымша демалыс беріледі. Биыл каникул уақыты 9-15 ақпан аралығына сәйкес келеді.

Қазақстанда 1 ақпаннан бастап біраз өзгеріс енеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты baq.kz сайтына сілтеме жасап.

Оқушылар каникулға шығады

Ақпан айында елімізде бірінші сынып оқушыларына қосымша демалыс беріледі. Биыл каникул уақыты 9-15 ақпан аралығына сәйкес келеді.

Ақпанда ауа райы қандай болады?

«Қазгидромет» РМК синоптиктері 2026 жылғы ақпан айына арналған ауа райы болжамын жариялады. Мамандардың мәліметінше, ақпан айы қысқы сипатын сақтағанымен, ай соңына қарай ел аумағында айтарлықтай жылыну байқалады.

Елдің басым бөлігінде аяз сақталады. Солтүстік және шығыс өңірлерде ауа температурасы –13…–18 градус шамасында болады. Ал ең оңтүстік аймақтарда күндізгі температура +3 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.

Ұлттық қордан балаларға ақша ақпанға дейін аударылады

2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 2024 жылғы 1 ақпаннан бастап мақсатты жинақтарды алу үшін 205 505 өтініш орындалған.

Жалпы сомасы 31,61 млн АҚШ долларынан астам қаражат уәкілетті операторларға аударылып, кейіннен 18 жасқа толған азаматтардың банк шоттарына есептелді.

2025 жылғы есепті жылға арналған мақсатты талаптар мен инвестициялық табыс 2026 жылғы 1 ақпаннан кешіктірмей қатысушыларға есептеледі. Сондай-ақ 2008 жылы туған, 2026 жылы 18 жасқа толатын қазақстандықтардың мақсатты жинақтары да 1 ақпанға дейін олардың мақсатты жинақтау шоттарына аударылады.

Ораза басталады

Қасиетті Ораза айы 19 ақпанда басталып, 19 наурызға дейін жалғасады. Қадір түні 16 наурыздан 17 наурызға қараған түнге сәйкес келеді. Ал Ораза айт мерекесі 20 наурызда атап өтіледі.

Мектептерді бақылаудың жаңа тәртібі енгізіледі

2026 жылғы 1 ақпаннан бастап мектептерде, балабақшаларда, лагерьлерде және балаларға арналған өзге де ұйымдарда бақылаудың жаңа тәртібі енгізіледі. Басты мақсат – әр бала үшін қауіпсіз, сау және жайлы орта қалыптастыру.

Жаңа форматтағы бақылау бұзушылықтарды жедел анықтауға мүмкіндік береді. Мектептердің оқу жылына, лагерьлердің жазғы маусымға және медициналық мекемелердің эпидемиялық сынақтарға дайындығы Мемлекет басшысының, Үкіметтің және Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмалары бойынша бағаланады.

Маңыздысы – алғашқы тексеру кезінде айыппұл салынбайды, ұйымдарға анықталған кемшіліктерді түзетуге мүмкіндік беріледі.

Өрт қауіпсіздігі талаптары күшейтіледі

2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстанда объектіні қабылдау және пайдалануға беру алдында оның өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды алу міндеттеледі.

Бұл талап құрылысқа тапсырыс берушіге жүктеледі және адамдар жаппай жиналатын нысандарға, сондай-ақ биіктігі 28 метрден асатын ғимараттарға, оның ішінде көппәтерлі тұрғын үйлерге де қолданылады.

Кәсіпкерлер нені білуі керек?

2026 жылғы 1 наурызға дейін жеңілдетілген декларация режимінде қалғысы келетін жеке кәсіпкерлер салық органына міндетті түрде хабарлама тапсыруы тиіс. Хабарлама берілмесе, олар автоматты түрде жалпыға бірдей салық салу режиміне ауыстырылады.

2026 жылғы 1 қаңтарға дейін патентпен немесе арнайы мобильді қосымша арқылы жұмыс істеген кәсіпкерлер өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне өте алады. Бұл режимде жеке кәсіпкер ретінде тіркелу талап етілмейді.

Жеке кәсіпкер ретінде есептен шығуды 1 қаңтардан бастап өз бетінше жасауға болады немесе 1 наурызда автоматты түрде есептен шығарылуын күтуге мүмкіндік бар.

Жылдық табыс шегі 600 000 АЕК (шамамен 2,6 млрд теңге) болып белгіленген. Негізгі салық мөлшерлемесі – 4%, оны 2%-ға дейін төмендетуге немесе 6%-ға дейін арттыруға болады. Ол үшін 2026 жылғы 28 ақпанға дейін хабарлама беру қажет.

Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндер емтихан тапсырады

Қазақстан азаматтығын алуға үміткерлерге арналған емтиханға өтініш қабылдау 3–10 ақпан аралығында жүргізіледі. Өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының сайтында немесе UTO мобильді қосымшасы арқылы беруге болады.

Емтихан 11 ақпанда өтеді. Ол үш бөлімнен тұрады:

  • Қазақ тілі – 30 сұрақ (өту балы: 15);

  • ҚР Конституциясының негіздері – 40 сұрақ (өту балы: 20);

  • Қазақстан тарихы – 30 сұрақ (өту балы: 15).

Қысқы Олимпиада басталады

 

2026 жылғы 6-22 ақпан аралығында Италияда XXV қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Қазақстан құрамасы атынан жарысқа 36 спортшы қатысады. Қазіргі таңда ел қоржынында бірнеше спорт түрінен лицензия бар.