Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия төрағасы – Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованы, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринді және Конституциялық комиссия мүшесі – Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Эльвира Әзімова Комиссияның осыған дейін өткен отырыстарындағы талқылау барысында Конституцияның түбегейлі жаңа мәтіні әзірленгенін баяндады.
Комиссия мүшелері жаңа преамбуланың, бірқатар бап пен бөлімдердің мазмұны тұтас конституциялық моделді айтарлықтай жаңғыртуға, саяси және қоғамдық институттарды жетілдіруге, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау тетіктерін күшейтуге негіз болатынын атап өтті.
Осыған байланысты Комиссия мүшелері аталған жобаны Конституцияның жаңа нұсқасы ретінде қарастыру және оны халықтың назарына ұсыну үшін жариялау қажет екенін жеткізді.
Өз кезегінде Конституциялық комиссия жаңа Ата Заңның жобасы бойынша жұмыстарды жалғастыра береді.
Президенттің пікірінше, Конституциялық комиссия ауқымды жұмыс атқарған.
Мемлекет басшысы Конституцияның жаңа нұсқасын халықтың қарауына шығару маңызды екенін айтты.
Кездесу соңында Президент жаңа Конституция туралы түпкілікті шешімді қазақстандықтар республикалық референдумда қабылдайтынын тағы да атап өтті.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.