Ол жақында ақ ұлпадан елорда төріндегі Ақорданың макетін жасап шықты. Ақорданы жасауға Нәдірдің сегіз күні кеткен. Қардан қашалған мүсін қазір БҚО, Достық ауылының көркі болып тұр.
Достық ауылы қаладан 20 шақырым қашықтықта орналасқан. Нәдір Қуанаев осы ауылдың тұрғыны. Достық ауылына кірген бойда «Нәдірдің үйі қайсы?» десеңіз, ауылдың бала-шағасына дейін оның үйін көрсетіп жібереді. Себебі ауылда қардан мүсін қашайтын жалғыз шебер. Ауыл дейміз-ау, Нәдір секілді қардан мүсін ойған шебер облыста да жалғыз.
Нәдір Қуанаев өзі БҚО Жымпиты ауылында 1998 жылы дүниеге келген. Ол Орал қаласындағы Исатай Тайманов атындағы жол-көлік колледжін көлік жүргізушісі мамандығы бойынша тәмамдаған.
Қарапайым ғана ауыл баласы қардан мүсін жасап, күллі елге таныламын деген ой үш ұйықтаса да түсіне кірмеген. Бәрі аяқасты басталған. Әдеттегідей қыс мезгілінде ауылда қар тазалау деген жұмыс бар. Нәдірдің айтуы бойынша, бір кезекті қар тазалау жұмыстары кезінде осы қардан мүсін қашау идеясы келіпті.
– Мен ешқашан қардан мүсін қашап танымал боламын деп ойламадым. Бірде ауылдас ағам қар тазаласып жіберші деп шақырды. Ауладағы көп қарды аршып, бір жерге үйе бердік. Бір мезгілде үйілген қарға қарасақ, кәдімгі балыққа ұқсап қапты. Ағам маған «осыны балық етіп қашап көрейік» деп идея айтты. Біз сол күні үйілген қардан балықтың мүсінін жасадық. Сөйтіп, осы өнерге 2020 жылы келдім. Алғаш рет қызыл машинаның макетін жасадым, – деп еске алады Нәдір Қуанаев.
Ол Орал қаласындағы орталық мешітті де айнытпай қардан жасап шыққан екен. Мешітті жасау үшін төрт тонна қар жинаған. Одан кейін 2023 жылы патрульдік полиция көлігін де өте сәтті жасап шықты. Оның айтуынша, қардан мүсін жасау үшін ең басты керек құрал – ол кәдімгі қолара.
– Маған өте көп адам хабарласады. Қызығып сұрап жатады. Бала-шағаларын ертіп келіп суретке түседі. Бұл менің одан әрі шабыттанып жұмыс істеуіме түрткі болады. Тіпті әлеуметтік желіде өте жылы қабылдап, көп жақсы тілек айтады. Менің жұмысыма керек дүние бұл кәдімгі ара ғой. Сосын тегістігін тексеріп отыру үшін өлшегішті қолданамын, – дейді Нәдір Қуанаев.
Жас шебер осы жақында ғана Ақорданың макетін салды. Бұл макет әлеуметтік желіде тез тарап, көпшіліктің қолдауына ие болды. Нәдір Ақорданы жасау үшін 5 тонна қарды пайдаланған. Сегіз күн бойына ерінбей ақ ұлпадан қашап, Ақорда ғимаратын айнытпай салып шыққан. Нәдір Қуанаев өзі жылыжайда жұмыс істейді. Қардан мүсінді көбіне кешкісін жұмыстан кейін қолға алады. Ақорданың макетін тамашалап келушілер қарасы көп.
Әсіресе, ауыл адамдары бала-шағасымен келіп суретке түседі. Ақорданың макетінің айналасына жарық шамдар орнатылған. Олар түнде жанып, айналаны жап-жарық етіп сән беріп тұрады.
5 тонна қардан жасалған Ақорданың ұзындығы – бес метр, ал ені үш метрді құрайды. Биіктігі – 160 см. Қардан жасалған нысанның маңдайшасына Елтаңбаны орнатып, Көк байрағымызды да іліп қойыпты.
– Ақорданы өзім көрген емеспін. Астанада болып жүрмін ғой, бірақ жолым түспепті. Тек суреттен, видеодан қарап, жасап шықтым. Маған ең қиындық туғызғаны – терезелерінің көптігі. Оларды ойып, қашап кесу көп уақыт алды. Негізі мұндай мүсіндер қатты аязда өте сәтті жасалады. Ал жылы күндері сәтті шықпайды, – дейді кейіпкеріміз.
Жақсы азамат – ауыл үшін мақтаныш. Қазір Нәдірдің есімі Достық ауылы үшін мақтанышқа айналды. Ауыл тұрғындары бос уақыттарында Нәдірдің ауласына жиналып, қардан дайындалған мүсіндерді тамашалап суретке түседі.
Сондай жандардың бірі – Марат Наурызәлиев. Ол Нәдірдің әр туындысын жақсы біледі.
– Біз бәріміз осы Нәдірдің жұмысын қызықтап жүреміз. Ең бірінші полицияның машинасын салды. Одан кейін мешітті тұрғызды. Бүкіл ауыл болып осы Нәдірдің ауласын торып жүреміз. Бала-шағамызбен фотоға түсіп, мәз боламыз. Бұл енді тума талант қой, – дейді Марат Наурызәлиев.
Ал Достық ауылының тұрғыны Мақсот Әбілов болса, Нәдірдің арқасында ауылға келетін азаматардың саны көбейді, балалар үшін де жақсы үлгілі іс жасап жүр деп ауылдасын мақтап қойды.
– Бұл біздің ауыл үшін жақсы үрдіс болды. Соңғы жылдары ауылымызға келетін адамдар көбейді. Нәдір тұрғызған ғимараттарды тамашалау үшін арнайы келеді. Былайша айтқанда, туристер дейміз ғой. Ауыл өркендеп жатыр. Нәдірдің осы еңбегінің арқасында ауыл адамдары да бір ермек тапқандай деп қуана қолдап отыр, – дейді ауылдасы.
Нәдір Қуанаев «қыстың аязды болғаны жақсы» дейді. Себебі жылы болса, қар жымысқы тартып, мүсін ойлағандай шықпайды. Айтпақшы, былтыр қыс жылы болып, Нәдір өзі ойлаған мүсіндердің кейбірін жүзеге асыра алмапты.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы