Шымкентте лифт бірден төмен құлап, әйел адам ауыр жарақатпен ауруханаға түсті

Тергеу нәтижесіне сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданады.

Шымкент қаласындағы Қонаев даңғылы бойында орналасқан тұрғын үй кешенінде лифт апаты тіркелді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оқиға салдарынан әйел адам жарақат алды.

Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 16 қабатты тұрғын үйде 12-қабатта тұрған лифт белгісіз себептермен төмен қарай бірден түсіп кеткен. Қауіпсіздік жүйесінің іске қосылуы нәтижесінде лифт 7-қабат деңгейінде тоқтаған.

Оқиға орнына жедел қызмет өкілдері шақырылып, зардап шеккен әйел лифт ішінен шығарылып, медициналық мекемеге жеткізілді. Дәрігерлер оның табан сүйектерінің сынғанын және омыртқасына зақым келгенін анықтады. Қазіргі уақытта зардап шеккен азаматшаның жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.

 

Аталған дерек бойынша полиция оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында тергеу шараларын бастады. Тергеу нәтижесіне сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданады.