Жанна Ермекова: Конституциялық реформа – мемлекеттік басқару моделін қалыптастыруда маңызды қадам

Ұсынылып отырған конституциялық реформалар саяси-құқықтық сипатта ғана емес, тікелей экономикалық маңызға да ие.

Экономика және бизнес жоғары мектебі факультетінің деканы, доцент Жанна Ермекова Конституция жобасы жайында өз пікірін білдірді.

Оның айтуынша, Конституцияға енгізілуі жоспарланып отырған өзгерістер – уақыт талабы әрі саналы қоғамның сұранысы. 

– Ұсынылып отырған конституциялық реформалар тек саяси-құқықтық сипатта ғана емес, сонымен қатар тікелей экономикалық маңызға да ие. Себебі олар елдегі әлеуметтік-экономикалық шешімдер қабылданатын институционалдық ортаны айқындайды.

Ең алдымен Парламенттің рөлін күшейту және билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу неғұрлым теңгерімді әрі болжамды экономикалық саясат жүргізуге алғышарттар қалыптастырады. Экономикалық тұрғыдан алғанда, бұл институционалдық тәуекелдердің төмендеуіне, заңнама сапасының артуына және бизнес пен инвесторлар тарапынан сенімнің нығаюына ықпал етеді. Сонымен қатар билік сабақтастығының сақталуы мен заңнамадағы қайшылықтардың азаюы шетелдік инвесторлар үшін де елдің инвестициялық тартымдылығын арттырады.

Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған өзгерістердің маңызы ерекше. Экономикалық теория тұрғысынан алғанда, меншік құқықтарының, еңбек ету құқығының және әділ сотқа қолжетімділіктің қамтамасыз етілуі тұрақты экономикалық өсім мен кәсіпкерліктің дамуының негізгі шарттары болып табылады.

Сондай-ақ тежемелік әрі тепе-теңдік тетіктерінің институционалдық тұрғыда күшеюі мемлекеттік басқарудың тиімділігін және бюджеттік тәртіпті арттыруға ықпал етеді. Ұзақ мерзімді перспективада бұл мемлекеттік шығыстардың сапасына, әлеуметтік бағдарламалардың тиімді іске асырылуына және өңірлік дамуға оң әсерін тигізеді.

 Жалпы алғанда, ұсынылып отырған конституциялық өзгерістерді қазіргі заманғы сын-қатерлер мен елдің стратегиялық даму мақсаттарына сай келетін, орнықты, ашық әрі экономикалық тұрғыдан тиімді мемлекеттік басқару моделін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам ретінде бағалауға болады, – дейді доцент Жанна Ермекова.