Қаржы министрлігі бағалау қызметі туралы заңнамаға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мен ЕАЭО кеңістігінде мүлікті бағалау бойынша бірыңғай талаптарды құруға тиіс түзетулерге бастама көтерді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Аталған реформа бизнеске қаражат пен уақытты үнемдеуге септесіп, нарықты барынша ашық, ал инвесторларға болжамды етеді.
Мүлікті бағалау сатып алу-сату мәмілелерін, кредит беруді, инвестициялар мен сот процестерін қоса алғанда, экономика мен құқықтың түрлі салаларында маңызды рөл атқарады. Қазір бизнес, қаржы қоғамдастығы мен жеке тұлғалар тарапынан да сенім деңгейі осы рәсімнің дәлдігі мен ашықтығына тікелей байланысты.
Осы саланы одан әрі дамыту және шетелдік экономикалық кеңістікке интеграциялау мақсатында заңға Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберінде мүлікті бағалау бойынша қызметтер көрсетуге қатысты өзгерістер енгізіледі. Бұл жаңашылдықтар отандық нарықта жергілікті бағалаушылардан бөлек, одаққа мүше басқа мемлекеттердің бағалаушыларының да қызметін құқықтық тұрғыда реттеуге әсер етеді.
Қазір Қазақстандағы бағалаушылардың кәсіби қоғамдастығы елеулі әлеуетке ие. Елде төрт палата жұмыс істейді, олардың әрқайсысында ү300-ден астам мүше бар. Жалпы, нарықта 1,7 мыңға жуық білікті маман жұмыс істейді, бұл бәсекелестікті дамытуға жол ашады.
Осылайша, қалыптасқан инфрақұрылым алдағы заңнамалық өзгерістермен үйлесімді түрде бағалау қызметтерінің неғұрлым ашық, бәсекелестігі жоғары және сапалы нарығын құруға бағытталған. Бұл тұтынушылардың мүдделерін қорғаумен қатар ЕАЭО аясындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға да ықпал етеді.
Заң қалай жұмыс істейтін болады?
ЕАЭО аясында Мүлікті бағалау бойынша қызметтердің бірыңғай нарығының ашылуына байланысты заң «Қызметтердің бірыңғай нарығының жұмысы аясындағы қызмет» деген жаңа тараумен толықтырылды. Онда қазақстандық бағалаушылардың, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер бағалаушыларының және тиісінше бағалаушылар палаталарының міндеттері мен жауапкершілігі регламенттелген.
«Бұл өзгерістер біздің бағалаушылар мен бейрезидент бағалаушыларға өз қызметін одақ аумағында жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Реформаның басты жаңалығы – бағалау нәтижелерін ЕАЭО-ның барлық елінде растау. Енді қазақстандық бағалаушы жылжымайтын мүлікке бағалау жасаса, оның нәтижесі одақ елдерінде де жарамды болады. Бұл шығындарды азайтып қана қоймай, бизнес-процестерді неғұрлым жылдам және болжамды етеді», – деп нақтылады ҚР Қаржы министрлігі Бухгалтерлік есеп, аудит және бағалау әдіснамасы департаментінің директоры Анар Қалиева.
Сарапшылар ЕАЭО нарықтарының интеграциясы жағдайында мұндай шара трансшекаралық ынтымақтастықты айтарлықтай жеңілдетіп, жалпы бағалау жүйесіне деген сенімді арттырады деп есептейді.
Өзгерістер инвестицияларға қалай әсер етеді?
Аталған өзгерістер Қазақстанның инвестициялық ахуалына тікелей әсер етеді. Активтерді бағалау жүйесінің ашықтығы, болжамдылығы және сенімділігі – инвесторлар үшін аса маңызды факторлар.
«ЕАЭО аясындағы мүлікті бағалау бойынша қызметтердің бірыңғай нарығы шеңберіндегі бағалау қызметі туралы заңнамаға енгізілетін өзгерістер Қазақстанның ашық реттеу жүйесі жолға қойылғанын, сондай-ақ білікті кадрлары бар ел ретіндегі беделін нығайтады», – деді ведомство өкілдері.
Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, қолға алынған реформаның нәтижесінде еліміздегі шағын бизнестен бастап ірі халықаралық компанияларға дейін тиімді әрі ұтымды ашық нарыққа ие болады.