Әйел адам абайсызда ер адамның өліміне әкеліп соққан жарақат салды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Тергеу деректеріне сәйкес, Ақтөбе облысының Қурайлы кентінде екі әйел мен бір ер адам алкогольдік ішімдік ішкен. Үй иесі жатын бөлмеге барып, демалуға жатқан кезде, бірге отырған ер адам оған келіп, ұрып, үйдегі қылышты сермей бастаған.
Әйел ер адамды сабырға шақырмақ болғанымен, ол әрекетін тоқтатпаған. Арпалыс кезінде әйел қаруды тартып алмақ болып, оның жүзі мен сабынан ұстаған. Сол сәттегі қақтығыс барысында қылыштың ұшы ер адамның беліне кіріп кеткен. Салдарынан ол көп қан жоғалтып, көз жұмған.
60 жастағы әйел бастапқыда кісі өлтірді деген айыппен жауапқа тартылған. Бірақ сот істі «абайсызда адам өліміне себеп болу» бабына қайта саралады. Үкім шығару кезінде әйелдің жасы, жәбірленушіге көмек көрсетуге тырысқаны және қаза тапқан адамның заңға қайшы әрекеттері ескерілген.
Алқабилер соты әйелге екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, бірқатар шектеу белгіледі.