Мәжілісте өткен «AMANAT» партиясы фракциясының отырысында депутат Жанарбек Әшімжанов Халық кеңесі Конституциялық реформалардың ең маңызды институттарының бірі екенін және қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуда шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл тек саяси құрылым ғана емес, сонымен қатар қоғамдық келісімді қалыптастырудың және ұлттық мүдделерді қорғаудың тиімді тетігі, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ол өз сөзінде Халық кеңесінің этносаралық бірлікті нығайту мен қоғамдық келісімді қамтамасыз етудегі рөліне ерекше тоқталды.
«Халық кеңесі – бұл жай ғана формалды кеңесші орган емес, ол Үкімет бағдарламаларына, заң жобаларының тұжырымдамаларына және өңірлік даму жоспарларына нақты ықпал ететін тірі механизм. Кеңес этномәдени бірлестіктерді, азаматтық қоғам өкілдерін, сарапшылар мен белсенді азаматтарды біріктіріп, тәуекелдерді ерте кезеңде анықтауға, жергілікті деңгейдегі қақтығыстардың алдын алуға және біртұтас қазақстандық бірегейлікті нығайтуға қызмет етеді. Халық кеңесі идеяларды талқылап қана қоймай, нақты шешімдерге әсер ете алатын, мемлекеттік саясат пен қоғам мүдделерінің үйлесімділігін қамтамасыз ететін құрал болуы тиіс», – деп атап өтті депутат.
Осыдан кейін Жанарбек Әшімжанов Халық кеңесінің өңірлер үшін практикалық маңызына назар аударды. Оның айтуынша, жол, ауызсу, жұмыспен қамту, экология және әлеуметтік инфрақұрылым мәселелерінің уақытылы шешілуі азаматтардың билікке деген сеніміне тікелей әсер етеді. Сондай-ақ ол Халық кеңесінің тиімді жұмысы арқылы ғана ұсыныстар нақты заң жобалары мен депутаттық бастамаларға айналып, халықтың тұрмыс сапасын жақсарта алатынын атап өтті.
Сөз соңында депутат Халық кеңесін ішкі тұрақтылықты, ұлттық бірлікті және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға бағытталған Конституциялық реформалардың қоғамдық жалғасы ретінде сипаттады.