Қоғам сенімін нығайту жолы

Ұлттық құрылтайдың кейінгі отырысында Мемлекет басшысы Қазақстанның саяси жү­йесін сапалық жаңа деңгейге көтеруге бағытталған ауқымды Конституциялық реформалар туралы нақты ұстанымын білдірді.

Ұсынылып отырған өзгерістер жекелеген түзетулермен шектелмейді, мазмұны мен көлемі жағынан жаңа Конституция қабылдау­мен пара-пар деуге толық негіз бар. Осы тұрғыда Конституциялық комиссияны құру –  мемлекеттің конституциялық негіздерін жүйелі түрде нығайтуға бағытталған қадам болды. Бұл – саяси реформаның жобасы. 

Біріншіден, конституциялық тұрақтылық қағида­сы – Конституция жиі өзгеретін құжатқа айналмауға тиіс, өйткені ол қоғам мен мемлекеттің ұзақмерзімді келісімін білдіреді. 

Екіншіден, ішкі жүйелілік – енгізілетін нормалар бір-біріне қайшы келмей, бүкіл конституциялық құрылыммен үйлесуі керек. 

Үшіншіден, билік тармақтарының нақты теңгері­мі – Президент, Парламент, Үкімет және сот жүйесі арасындағы өкілеттіктер нақты әрі түсінікті бөлінуі қажет.

Конституция – бұл ішкі ереже немесе ведомстволық құжат емес. Конституция – мемлекет пен қоғам арасындағы басты қоғамдық қатынастарды реттейтін акт. Сондықтан оны жаңарту үдерісі жабық немесе формалды сипатта болмауға тиіс. Құжатты талқылау неғұрлым ашық әрі инклюзивті болған сайын, қабыл­данатын шешімдердің заңдылығы мен қоғамдық қабылдануы да соғұрлым жоғары болады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жариялап отырған жағдайда Конституциялық комиссия жұмы­сының ашық форматы – осы бағыттың заңды жалғасы болды.

Биыл 24 қаңтарда Конституциялық комиссия өз жұмысын бастағанын білеміз. Оның құрамына шамамен 130 адам енді. Олардың қатарында Парламент депутаттары, парламенттік партиялардың өкілдері, танымал конституционалист-заңгерлер, сарапшылар, бизнес және корпоративтік сектор өкілдері, медиа саласының мамандары, ғылыми және мәдени интел­лигенция, қоғамдық бірлестіктер мен құқық қорғау­шылар, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер бар. Мұндай кеңауқымды өкілдік Комиссия жұмысының қоғам үшін барынша ашық болуын бастапқыдан-ақ қамтамасыз етеді.

Ашықтықты күшейту үшін бірқатар нақты тетіктер іске қосылған. Комиссия отырыстары ресми интернет-ресурстар мен телеарналарда тікелей эфирде көрсетілді. «Конституциялық реформа 2026» атты арнайы Telegram-арна құрылып, онда Комиссия қызметі туралы жедел ақпарат жарияланып тұрды. Сонымен қатар Комиссия мүшелерінің көпшілігі әлеуметтік желілерде белсенді, олар жеке парақшалары мен бұқаралық ақ­парат құралдары арқылы талқыланып жатқан ұсы­ныстар жөнінде өз пікірлерін ашық білдірді. Бұл – қоғамға реформаның барысын тікелей бақылауға мүмкіндік берді.

Конституциялық комиссияның құрылу логикасы мен оның құрамы Мемлекет басшысы айқындаған негізгі идеологиялық бағдарлармен толық үндесті. Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Ке­мелұлы «Әділетті Қазақстан» идеясын консти­туциялық деңгейде бекітудің маңызын атап өтті. «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» қағидаты Комиссия құрамынан нақты көрініс тапты: әртүрлі жас буынның, өңірлердің, саяси партия, азаматтық қоғам институты өкілдері ел болашағы үшін үлкен жауапкершілікпен диалог алаңына біріктірілді. 

Комиссия құрамын қалыптастыруда кәсіби, өңірлік және гендерлік тепе-теңдікке, иклюзияға ерекше назар аударылды. Елдің барлық өңірінен өкілдер тартылған, заң шығару саласында тәжірибесі бар мамандар мен ғылыми-сараптамалық әлеуеті жоғары тұлғалар енген. Мұның өзі Ата Заңды жаңарту ісіне жауапты міндеттің сапалы әрі уақытылы орындалуына негіз қалады.

Ұсынылып отырған өзгерістердің ауқымы рефор­маның тереңдігін айқын көрсетеді. Жаңартылған Конституция жобасында Преамбула, 11 бөлім және 95 бап қарастырылған. «Халық Кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізіледі, бірқатар бөлімдердің атауы жаңартылады. Жалпы алғанда, 77 бапқа өзгеріс енгізіліп, бұл Конституция мәтінінің шамамен 84 пайызын қамтиды. Яғни, Негізгі заңның мазмұны тү­бегейлі жаңғыртылуда.

Заңдық дәлдік пен нормалардың сапасына ерекше көңіл бөлінген. Заңгер-мамандар мен лингвистерден құралған жұмыс топтары мәтіндегі мағыналық сәйкессіздіктерді болдырмау, құқықтық айқындықты арттыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізді. Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктері күшейтіліп, президенттік басқару нысаны сақтала отырып, мемлекеттік биліктің біртұтас жүйесін ұйымдастырудың жаңа тәсілдері айқындалды. Азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу тетіктері кеңейтілді.

Конституцияның Преамбуласы да толықтай жаңа редакцияда ұсынылды. Онда қазіргі заманғы жал­пыұлттық құндылықтар, тарихи сабақтастық пен мемлекеттің миссиясы көрініс тапты. Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде айқындалып, адам өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық деп бекітілді. Билікті бөлу қағидаты жаңаша тұжырымдалып, қолданыстағы құқық жүйесіне қатысты нормалар нақтыланды.

Адам құқықтарына арналған бөлімде елеулі өзгерістер көзделген. Мемлекеттің адамға бағдарланған сипаты күшейтіліп, жеке басының қолсұғылмаушылығы, цифрлық дәуірдегі дербес деректерді қорғау, әлеуметтік және мәдени құқықтар, құқықтық айқындық қағи­даттары нақты бекітілді. Сонымен қатар Конституцияда неке мен отбасы құндылықтары, қоршаған ортаны қорғау міндеті күшейтілді.

Сот төрелігі мен құқық қорғау тетіктеріне арналған бөлім де айтарлықтай жаңартылды. Судьялардың тәуелсіздігіне берілетін кепілдіктер күшейтіліп, сот ісін жүргізу нысандары кеңейтіледі, адвокатураның конституциялық мәртебесі алғаш рет дербес баппен бекітіледі. Халықтың мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде Халық Кеңесі Конституцияда жеке бөлімде айқындалады және оған заң шығару бастамасы құқығы беріледі.

Сонымен қатар мемлекеттің унитарлығы, аумақтық тұтастығы, бөлінбейтіндігі мен қолсұғылмастығы туралы негізгі конституциялық бап өзгеріссіз қалады. Қаржы саласында немесе жекелеген аумақтарда арнайы құқықтық режим енгізу мүмкіндігі тек эконо­микалық дамуды жеделдетуге бағытталған және Конституцияның іргелі қағидаттарымен толық үйлеседі.

Конституциялық комиссияның жұмысы қоғамда кең талқылау туғызды. Әртүрлі пікірлер айтылып, ұсыныстар мен сын-пікірлер білдірілді. Бұл – азаматтардың реформаларға бейжай қарамайтынын, қоғамдық диалогтың іс жүзінде басталғанын көрсетеді. Қорытынды шешім Конституцияда көзделгендей, республикалық референдум арқылы халықтың еркімен қабылданатын болады.

Қайталануды болдырмау үшін функциялар нақты ажыратылуға тиіс. Құрылтай – конституциялық, стратегиялық және ұлттық маңызы бар мәселелерді талқылайтын, саяси бағдар беретін орган, Халық Кеңесі – азаматтық қоғамның үнін институцио­нал­дандыратын, төменнен бастама көтеретін алаң. Егер бұл шекара айқын белгіленбесе, онда өкілеттіктердің қабаттасуы, жауапкершіліктің бұлыңғырлануы, Парламенттің рөлінің әлсіреуі сияқты тәуекелдер туындайды.

Қазақстан Конституциясына өзгерістер енгізу тәжірибесі халықаралық үрдістен тыс құбылыс емес, керісінше, әлемдік конституциялық дамудың жалпы логикасына толық сай келеді. Көптеген мемлекеттер өздерінің саяси, әлеуметтік және экономикалық трансформациясына қарай Негізгі заңын кезең-кезеңімен жаңартып отырған. Мәселен, Үндістан, Мек­сика және Бразилия Конституцияларын өте жиі өзгертіп отырған елдердің қатарына жатады, бұл олардың қоғамдағы терең құрылымдық өзгерістерге құқықтық жауап беру қажеттілігімен байланысты. Сонымен қатар Конституциясына сирек өзгеріс енгізетін, бірақ институционалдық тұрақтылығы жо­ғары мемлекеттер бар. Мысалы, АҚШ пен Норвегия, оларда қатаң рәсімдер мен құқықтық сабақтастық принципі басым. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның Конституцияны реформалау тәжірибесі оқшау емес, керісінше, әр елдің даму қарқыны мен басқару моделіне қарай өзгеріп отыратын әмбебап әлемдік тәжірибе екенін көрсетеді.

Ауқымды саяси реформалардан басқа, Консти­туцияны өзгертудің маңызды себебі – ұсақ қателер мен дәлсіздіктерді түзету. Осы мақсатта заңгерлер де, тәжірибелі лингвистер де тартылды. Бұдан бөлек, Конституцияда Қазақстанның терең тарихы мен мұрасы, құқықтық мемлекет құру принциптері, табиғат пен қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәселелері көрініс табатын болады.

Жаңа Конституцияда жан-жақты цифрландыруды есепке алу да маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы қазақстандықтардың дербес цифрлық деректерін Конституциялық қорғау қажеттігін жеке атап өтті.  Соңында Президент реформаны әзірлеу барысында ескерілген көптеген идеялар мен бастама­ларды қарастырғанын жеткізді. 

Осылайша, Конституциялық реформа 1995 жылғы мәтінді жай ғана жаңарту емес, мемлекеттің рөлі мен билік жүйесін, қоғаммен өзара қарым-қатынасын терең қайта ойластыруға бағытталған кешенді қадам болып отыр. Комиссия жұмысының ашық сипаты мен ұсынылып отырған өзгерістердің ауқымы Қазақстанның ұзақмерзімді дамуына берік құқықтық негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ғалиасқар САРЫБАЕВ,

Сенат депутаты