Әлеуметтік осал санаттағы кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау ауқымы кеңейді

Қарағанды облысында 2026 жылы әлеуметтік осал санаттарға жататын азаматтар арасынан шыққан бастауыш кәсіпкерлерді қолдау шаралары жалғасын табады.

Жоспарға сәйкес, бизнесін ашуға және дамытуға арналған мемлекеттік гранттарды 510 адам иеленеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі еседей артық, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бір гранттың ең жоғары мөлшері 400 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Биылғы есеп бойынша бұл 1 730 000 теңгеге тең. Қаржылай қолдау көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, қоныс аударушылар мен қандастарға, мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға бағытталған.

Мемлекеттік грантқа үміткерлер міндетті түрде конкурстық іріктеуден өтеді. Бұл ретте жоғары бәсекеге қабілеттілігімен, әлеуметтік маңыздылығымен, экономикалық орнықтылығымен және жаңа жұмыс орындарын құру әлеуетімен ерекшеленетін жобаларға басымдық беріледі.

Салыстырмалы түрде айтсақ, 2025 жылы өңірде 225 адам грант иегері атанған. Аталған қаржының есебінен тігін ательелері, әлеуметтік павильондар, ұлттық нақыштағы ыдыс-аяқ пен үй жағдайында дайындалатын жартылай фабрикаттар өндіретін цехтар, балаларға арналған ойын-сауық орталықтары, ет және сүт өнімдері дүкендері, аспаздық бағыттағы кәсіпорындар, кілем тоқу студиялары, клинингтік қызметтер, жеткізу сервистері, табиғи морс өндіру және жылдам тамақтану нысандары ашылған.

2026 жылы бұл бағыттағы қаржыландыру көлемін екі еседен астам арттыру көзделіп отыр. Жоспар бойынша 510 мемлекеттік грант беріледі. Іріктеу талаптары өзгеріссіз қалады: жобаның өзектілігі, әлеуметтік тиімділігі, рентабельділігі және тұрақты жұмыс орындарын құруы.

Сонымен қатар мемлекеттік қаражаттың мақсатты әрі тиімді игерілуіне қатаң бақылау жүргізіледі. Грант алған кәсіпкерлер 12 ай өткен соң тексеруден өтеді. Соңғы мониторинг нәтижесіне сәйкес, 18 кәсіпкер қаражатты мақсатсыз пайдаланғаны анықталған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.