Талдықорғанда ер адам әйелі мен үш жасар қызын асқан қатыгездікпен соққыға жықты

Талдықорған қаласының тұрғыны әйелі мен үш жасар қызын аяусыз соққыға жыққан.

Әйел мен бала ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Әлеуметтік желіде ер адамның отбасына күш қолданған сәті түсірілген видео тарады. Жазба астында анасы мен баласының облыстық балалар ауруханасына жатқызылғаны айтылған.

Бейнежазбада денесінде жарақат белгілері бар, жылап отырған әйел мен кішкентай баланы көруге болады. Әйелдің айтуынша, оқиға кезінде күйеуі мас күйде болған. Сондай-ақ ол жұбайының түзелетініне сеніп, бұған дейін ажырасуға бармағанын жеткізген.

Аталған дерек бойынша қалалық полиция мәлімдеме жасады. Күдікті ер адам ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі таңда оған қатысты Қылмыстық кодекстің 106-бабы  ("денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру") бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Жетісу облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Чарапиевтің айтуынша, денесінде зорлық-зомбылық белгілері бар үш жасар баланың медициналық мекемеге жеткізілгені туралы хабар 102 нөміріне сағат 21:00-де түскен.

«Полиция қызметкерлері баланың әкесінің тұрғылықты жеріне жедел жетті. Мас күйдегі күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді ол.