Саясаттанушы Марат Шибұтов жаңа Конституция туралы әлеуметтік желілерде тараған қауесетті, жорамалдар мен жалған ақпаратты жария түрде жоққа шығарды. Сондай-ақ ол Конституциялық комиссияның кезекті отырысында Президент пен Құрылтай арасындағы кадрлық өкілеттіктердің бөлінісі жөнінде де пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Комиссия мүшесі отырыстар арасындағы үзілісте әлеуметтік желіде Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасы туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат мен барып тұрған фейктердің көптігін байқаған.
«Кейбір азаматтар Комиссияның жұмысы туралы сол Комиссияның отырыстарына қатысып жүрген менен де көбірек «білетіндей» көрінеді», – дейді саясаттанушы.
Оның айтуынша, кез келген адам оқып, танысуы үшін құжат көпшіліктің назарына ұсынылып, ашық түрде жарияланғаннан кейін де ақпаратты әдейі бұрмалау тоқтамаған.
«Менің ойымша, бұл енді ойын емес, танымал болуға ұмтылыс та емес, нағыз қасақана пиғыл», – деп атап өтті Марат Шибұтов.
Спикер «жаңа Конституция жобасы саяси монополияға әкеп соғады» деген жаңсақ пікірді жоққа шығарды. Себебі құжатта мұндай мүмкіндікке жол бермейтін жаңа өкілді институт – Халық кеңесін құру көзделген.
Саясаттанушы бұл мәселені де нақты тарқатып берді. Қазір Қазақстан Республикасының Сенаты 40 мәслихат өкілінен, Президент квотасы бойынша 5 адамнан және Қазақстан халқы Ассамблеясының 5 өкілінен құралған.
Ал Халық кеңесіне мәслихат өкілдерінен бөлек, қоғамдық кеңестердің мүшелері де енгізіледі, ҚХА өкілдерінің саны 5-тен 42-ге көбейтіліп, қоғамдық ұйымдардан 42 адам қосылады. Осылайша, жаңа саяси институттағы азаматтық өкілдік Қазақстан тарихындағы ең ауқымды деңгейге жеткізілмек.
«Халық кеңесі көптеген адам үшін саясатқа келу шегін айтарлықтай төмендетеді, бұрын-соңды мұндай мүмкіндік болмаған. Бұл – өте маңызды», – деді Марат Шибұтов.
Сонымен бірге ол Комиссияның «жабықтығы» мен «дұрыс емес құрамы» жөніндегі айыптауларға да жауап берді.
«Тікелей эфирлерді ескерсек, бірінші айыптау күлкіні келтіреді. Мұнда бізді барлық тараптан камералар түсіріп тұр», – деп атап өтті саясаттанушы.
Сондай-ақ спикер Комиссия құрамындағы 130 адамның 44-і – қоғамдық ұйымдар, қоғамдық кеңестер, БАҚ, білім саласы және ғылыми ұйымдардың өкілдерінен құралғанын жеткізді.
«Меніңше, мұнда пікірлердің барлығы ескерілген», – деді Марат Шибұтов.
Баяндамасының негізгі тақырыбына көше отырып, саясаттанушы Президент пен Құрылтай арасындағы кадрлық өкілеттіктерді бөлу мәселесіне де тоқталды.
Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасына сәйкес, Құрылтай мынадай тұлғаларды тағайындауға немесе келісімін беруге құқылы: Премьер-Министр, Вице-президент, Конституциялық соттың 10 судьясы, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесі, Жоғарғы аудиторлық палатаның 8 мүшесі және Жоғарғы соттың барлық судьялары.
Осылайша, Президент Орталық сайлау комиссиясының 2 мүшесін, Жоғарғы аудиторлық палатаның 2 мүшесін және Конституциялық соттың 4 судьясын енді тағайындамайтын болады.
Сонымен бірге Мемлекет басшысының конституциялық органдардың жетекшілерін – Конституциялық соттың, Жоғарғы соттың, Орталық сайлау комиссиясының және Жоғарғы аудиторлық палатаның төрағаларын, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді, сондай-ақ оған бағынышты немесе есеп беретін органдардың басшыларын тағайындау құқығы сақталады.
«Мұндай жүйе Президент пен Құрылтай арасындағы саяси институттар ретіндегі тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Марат Шибұтов.