«AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы лауазымына Нұрқадыров Серік Нұрқадырұлы тағайындалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Серік Нұрқадыров 1975 жылы 11 желтоқсанда Талдықорған облысы Кербұлақ ауданы Жоламан ауылында дүниеге келген. Білімі – жоғары.
Ол Талдықорған экономика-технологиялық колледжін ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін «дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша, сондай-ақ Алматы үздіксіз білім беру университетін «информатика» мамандығы бойынша тәмамдады.
Еңбек жолын 1994 жылы ауыл шаруашылығы саласында бастады. Кейін білім беру жүйесінде жұмыс істеп, Қапшағай қаласындағы мектептерде мұғалім, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры қызметтерін атқарды.
Партия және мемлекеттік басқару жүйесінде мол тәжірибесі бар. 2013 жылы партияның Қапшағай қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары лауазымын атқарды. 2017-2022 жылдары партияның Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары қызметінде жұмыс істеді.
2022-2024 жылдары Алматы облыстық мәслихаты аппаратының басшысы лауазымында еңбек етті. Атқарушы хатшы қызметіне тағайындалғанға дейін Қонаев қаласы мәслихатының төрағасы ретінде жұмыс істеді. Бүгінде Қонаев қаласы мәслихатының депутаты.
Серік Нұрқадыров «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2020), «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен (2021) марапатталған. 2024 жылы «Қонаев қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.