Атырау облысында із-түссіз жоғалған отбасыға қатысты іс бойынша жаңа дерек белгілі болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Аймақтағы жағдайды бақылап жүрген журналист Жанат Молдашова әлеуметтік желідегі парақшасында басты күдіктінің ата-анасының қамқорлығында болған бес баланың кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жеткізілгенін жазды.
«Күдіктінің ата-анасының қолындағы бес баланы бүгін алып кеткен. Ертең ресми ақпарат сұратамын. Бұған дейін құзырлы органдар “әзірге ата-әжесінің жанында болады, жақын туыстары солар” деген еді», – деп мәлімдеді журналист.
Аталған жайтқа байланысты Атырау облысы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының басшысы да пікір білдірген.
«Бізге облыстық білім басқармасынан осындай тапсырма берілді. Бұл – жабық мекеме, ішке кіруге рұқсат жоқ», – деді ол.