50 жастағы қостанайлық азамат Ұлытау облысы аумағында марганец кенін заңсыз өндіріп, 3,5 миллиард теңге пайда тапқан. Бұл туралы Ұлытау облысының прокуратурасы мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп өткен операцияда мемлекетке 1,3 млрд теңгеден астам залал келтірілгені анықталды.
Құзырлы орган мәліметінше, Қостанай облысының 50 жастағы тұрғыны 2020-2023 жылдар аралығында жер қойнауын пайдалануға лицензиясы мен келісімшарты болмағанына қарамастан, "Шығыс Қаражал" кен орнында марганец кенін заңсыз өндірген. Сонымен қатар қолма-қол ақшаға айналдыру және жалған мәмілелер жасасу арқылы пайдалы қазбаларды сатудан түскен ақшалай қаражатты заңдастырған. Сөйтіп, сол аралықта 16 мың тоннадан астам кен жөнелтілген.
Қылмыстық қызметтің нәтижесінде және өңделген темір-марганец кенін ел ішінде және шетелге сату арқылы 3,5 млрд теңгеден астам пайда тапқан.
Ұлытау облысы сотының үкімімен кінәлі адам 5 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылып, жер қойнауын пайдалану саласындағы қызметпен айналысу құқығынан 5 жыл мерзімге айырылды. Мемлекет кірісіне 4,8 млрд теңге өндіріліп, сондай-ақ қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған 3 жеңіл және 2 жүк автокөлігі тәркіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енді.