Мұхтар Шаханов пен Шавкат Рахмоновтың атынан ашылған фейк-аккаунттарға қатысты Аида Балаева пікір білдірді

Уәкілетті орган өкілдері бұл әрекеттердің қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталғанын айтып, азаматтарды тек ресми дереккөздерге ғана сенуге шақырды.

Елімізде жаңа Конституция жобасы қоғамдық талқылауға шығарылған кезеңде әлеуметтік желілерде жалған ақпарат пен арандатушылық үндеулердің таралуы жиілеген, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Уәкілетті орган өкілдері бұл әрекеттердің қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталғанын айтып, азаматтарды тек ресми дереккөздерге ғана сенуге шақырды.

Осыған байланысты Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы мәлімдеме жасап, қоғамды сақ болуға үндеді. Оның айтуынша, соңғы уақытта белгілі тұлғалардың атынан жалған парақшалар ашылып, қоғамда алаңдаушылық тудыратын ақпараттар әдейі тарап жатыр.

«Құрметті достар! Біз бүгінде еліміздің алдағы даму бағыты айқындалатын тарихи кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Жаңа Конституция жобасын талқылау – мемлекетіміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды оқиғаға айналды.

Өкінішке қарай, кейбір әлеуметттік желі қолданушылары жағдайды теріс мақсатта пайдаланып, еліміздегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталған әрекеттерге баруда. Арандатушылар негізсіз ақпарат таратып, жалған парақшалар мен аккаунттар ашқан (мысалы, Мұхтар Шахановтың, Шавкат Рахмоновтың және өзге де тұлғалардың атынан ашылған фейк-аккаунттар арқылы тіл, жерді сату секілді мәселелері бойынша арандатушылық ақпарат пен үндеулер жариялануда).

Сондай-ақ елде ірі митингілер мен жаппай наразылық акциялары өтіп жатыр деген жалған хабарлар таратылып, Конституцияның жекелеген баптарын әдейі бұрмалап түсіндіру фактілері де кездесуде.
Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары мен танымал парақшаларға техникалық шабуылдар жасалып жатқаны туралы да хабарлар түсіп отыр. Қазіргі уақытта уәкілетті орган ретінде біз бұл жағдайды жан-жақты зерделеп, тиісті шаралар қабылдап жатырмыз.

Осыған байланысты тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге және жалған мәліметтерді таратпауға шақырамын. Жалған ақпарат тарату қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкеліп соғады», – деді ол.