Жаңа Конституция жобасы: кешенді саяси жаңғыру жолы – Мансия Қабылқызы

Жаңа Конституция жобасы Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде дамуын жаңа деңгейге көтеруге, билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған.

Жаңа Конституциясының жобасы елдің саяси-құқықтық жүйесін терең әрі кешенді жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам деп бағалайды. Бұл туралы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жылу физика және техникалық физика кафедрасының доценті Мансия Қабылқызы мәлімдеді.

– Жобаның әзірлену барысы – азаматтардың, сарапшылардың, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың кеңінен қатысуымен өтуі – оның легитимділігін арттырып, қоғам сұранысына жақындатқанын көрсетеді. Бұл демократиялық процестердің нығайғанын білдіреді. Бір палаталы Парламентке көшу бастамасы заң шығару процесінің жеделдігін арттырып, мемлекеттік басқарудағы жауапкершілікті күшейтуі мүмкін. Сонымен қатар  Конституция мәтінінің 80 пайыздан астамына өзгеріс енгізілуі – бұл тек жекелеген түзетулер емес, жаңа саяси модель қалыптастыруға бағытталған түбегейлі реформа екенін аңғартады.

Жобада мемлекеттің адамға бағдарланған сипатын күшейту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейту, сондай-ақ саяси институттардың тиімділігін арттыру негізгі басымдық ретінде көрініс тапқан. Бұл өзгерістер қазіргі заманғы сын-қатерлерге, соның ішінде технологиялық даму мен жасанды интеллект дәуіріне бейімделу қажеттілігімен үйлеседі. Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасы Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде дамуын жаңа деңгейге көтеруге, билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға және елдің ұзақмерзімді тұрақты дамуына негіз қалауға бағытталған стратегиялық құжат деуге болады, – деді Мансия Қабылқызы.