Кафеде болған төбелес: екі адам жарақат алып, іс сотқа жіберілді

Қазір бұл жағдай қылмыстық тергеудің объектісіне айналған.

Әлеуметтік желіде Ақтаудағы кафелердің бірінде болған жанжалдың видеосы тарады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Оқиға Жаңа жыл қарсаңында болғаны анықталды. Қазір бұл жағдай қылмыстық тергеудің объектісіне айналған.

Маңғыстау облыстық Полиция департаменті оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады.

«Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, қылмыстық істер сотқа жолданды», – делінген полиция хабарламасында.

Құқық қорғау органдарының мәліметіне сәйкес, 2025 жылғы 31 желтоқсанда кафе әкімшісі мен келуші әйел арасында сөзге келіспеушілік туындап, ол кейіннен төбелеске ұласты. Оқиға салдарынан екі тарап та дене жарақатын алып, соққы іздері тіркелген.

Полиция департаменті қоғамға ескерту жасады:

«Қоғамдық орындардағы кез келген зорлық-зомбылыққа жол берілмейді және оған қатаң құқықтық баға беріледі».

2026 жылғы 31 қаңтарда қылмыстық іс процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.