«AMANAT» партиясының Орталық аппаратында партия жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық кеңестің отырысы өтті. Жиында жол қауіпсіздігі саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және көлік инспекциясының қызметі мәселелері қаралды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Кеңес мүшелерінің айтуынша, елдегі жол-көлік оқиғалары азаймай отыр. Атап айтқанда, жол-көлік оқиғаларының саны 2023 жылы 15 886 болса, 2025 жылы 36 146-ға дейін артқан. Тек 2025 жылдың өзінде жол апатынан 49 мыңнан астам адам зардап шегіп, 2 мыңнан аса адам қаза тапқан. Ең күрделі жағдай Алматы қаласында, сондай-ақ Алматы, Түркістан, Жамбыл және Қарағанды облыстарында тіркеліп отыр.
Кеңес мүшелерінің айтуынша, апаттардың негізгі себептері – жылдамдықты шамадан тыс арттыру, көлікті шаршаған немесе мас күйде басқару, жол инфрақұрылымының тозуы және көліктердің техникалық жағдайының талапқа сай болмауы.
Жиында көлік бақылауы саласындағы сыбайлас жемқорлық мәселесіне ерекше назар аударылды. 2025 жылы көлік инспекциясы қызметіне қатысты 20 сыбайлас жемқорлық қылмыстық құқық бұзушылық, ал жол қауіпсіздігі саласында 41 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген. Ең жиі кездесетін заңсыз әрекеттер салмақтық бақылаудан жалтару, жүк тасымалдауға заңсыз рұқсат беру және сыйақы үшін құқық бұзушылықтарды жасырумен байланысты.
Сонымен қатар шамадан тыс жүк тиелген жүк көліктері асфальттардың тозуына әкелетін негізгі факторлардың бірі екені атап өтілді. Ал оны қалпына келтіру үшін жыл сайын бюджеттен қомақты қаражат жұмсалады.
Кеңес мемлекет тарапынан жол инфрақұрылымын дамыту, автоматты фото және бейнефиксация жүйелерін енгізу, жол қауіпсіздігі аудитін жүргізу және жекелеген процестерді цифрландыру бойынша қабылданып жатқан шараларға оң баға берді. Алайда инспектор мен жүргізуші арасындағы тікелей байланыстың сақталуы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін туындататыны да айтылды.
Талқылау қорытындысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық кеңес мынадай ұсыныстар берді:
- көлік құралдарының салмағын өлшейтін автоматтандырылған бекеттерді енгізуді жеделдету;
- құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу жүйелерін кеңінен қолдану;
- көлік органдарының деректер базасын құқық қорғау органдары мен сақтандыру компанияларының цифрлық платформаларымен біріктіру;
- техникалық байқау станцияларының қызметіне бақылауды күшейту;
- бақылау рәсімдерінде адами факторды барынша азайту.
Сондай-ақ көлік бақылауын ұйымдастыру кезінде оңтүстік, батыс, солтүстік және шығыс өңірлердің ерекшеліктерін ескеру қажет екені де атап өтілді.
Кеңес мүшелерінің пікірінше, аталған шараларды жүзеге асыру жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға, жол инфрақұрылымының сақталуын қамтамасыз етуге және көлік саласындағы сыбайлас жемқорлықты қысқартуға мүмкіндік береді.