Аманжол Әлтай: Ата Заңды талқылау халықпен бірге жүргізіліп отырғаны – бүгінгі реформаның басты ерекшелігі

Кеңес төрағасы Аманжол Әлтай отырыс барысында көтерілген барлық мәселе міндетті түрде назарға алынатынын жеткізді.

«AMANAT» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» республикалық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.  Жиынға Мәжіліс депутаттары, зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер саласының сарапшылары, сондай-ақ өңірлік кеңес мүшелері бейнебайланыс арқылы қатысты, - деп хабарлайды Aikyn.kz turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.

Кеңестің күн тәртібінде Конституцияның жаңа мәтініндегі мәдениет пен руханиятқа қатысты дүниелер сөз болды. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Кеңес төрағасы Аманжол Әлтай жиын басында өз ойын айтып өтті.

– «Miras» республикалық кеңесінің биылғы алғашқы отырысына жиналып отырмыз. Бүгін күн тәртібінде Ұлттық құрылтайда көтерілген руханиятқа қатысты маңызды бастамаларды талқылап, Конституциялық реформа бойынша ой бөлісеміз. Биылғы жыл еліміз үшін үлкен өзгерістердің, ауқымды саяси реформалардың басталуымен ерекшеленіп отыр. Сыр елінде өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы – ел тарихында ерекше маңызға ие оқиғаларға толы болды. Біз еліміздің болашағы үшін айрықша маңызды Ата Заңымыздың жаңа жобасын күллі ел болып пысықтап жатырмыз. Ата Заңды талқылау халықтың алдында, халықпен бірге жүргізіліп отырғаны – бүгінгі реформаның басты ерекшелігі. Ата Заңымыздың жаңа мәтінінің басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталды. 3-баптың бірінші тармағында, Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары қатарында «тарихи-мәдени мұраны сақтау; төл мәдениетті қолдау» деп анық жазылған. Демек, бұл өзгерістер – мемлекетіміздің болашағы ендігі таңда адами капиталға және азаматтардың жетістіктеріне тікелей байланысты екенін көрсетеді. Сондай-ақ жаңа преамбулада басты құндылықтың бірі ретінде «Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтау» тайға таңба басқандай айқын жазылды. Сонымен қатар «Заң мен тәртіп», «Адал Азамат», «Таза Қазақстан» сияқты құндылықтар да преамбуланың өзегіне айналды. Осылайша, ел ертеңі, ұлт болашағы жолындағы мызғымас моральдық-құқықтық іргетас қалануда. Осы түбегейлі бетбұрыс кезеңінде сіздердің салмақты ой-пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз өте маңызды, – деп атап өтті ол.

Бұдан соң сөз алған Мәжіліс депутаты, «Miras» республикалық кеңес төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан қазақ тілінің бүгінгі дамуына қатысты біршама деректер келтірді. Сондай-ақ Ұлттық құрылтайда көтерілген ұсыныстар «Miras» кеңесінде талқыланатынын атап өтті.

– Ұлттық құрылтайдың соңғы отырыстарында көтерілген бастамалар елдің рухани өзегін нығайтуға бағытталған жүйелі саясаттың бар екенін көрсетті.  Бүгінгі «Miras» кеңесінде біз осы басымдықтарды саралап, оларды нақты іске айналдыру жолдарын айқындайтын боламыз. Қуантарлығы, қазір мемлекеттік қызметтегі құжат айналымының басым бөлігі қазақ тілінде жүргізіледі. Алайда мазмұн сапасы, терминологияның бірізділігі, цифрлық кеңістіктегі тіл мәдениеті әлі де өзекті болып отыр. Дегенмен бұл уақыт өте келе реттелетін мәселе. Құрылтайда мемлекеттік тілдің ғылым, бизнес, IT салаларындағы қолданысын кеңейту қажеттігі айтылды. Бұл – өте маңызды. Егер қазақ тілі тек тұрмыстық деңгейде қалып қойса, ол бәсекеге қабілетті тілге айнала алмайды. Сондықтан ұлттық терминологиялық қорды жүйелеу, жасанды интеллект пен цифрлық платформаларда қазақ тілін толыққанды енгізу, отандық контент өндірісін қолдау сияқты шаралар рухани қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі ретінде қарастырылуы тиіс. Сонда мемлекеттік тілдің әлеуеті жыл өткен сайын күшейе түсері анық, – деді депутат. 

Отырысқа Кеңес мүшелерімен қатар, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов та қатысып, Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалар бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігінің жұмыс жоспарымен бөлісті.

– Жоспарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған мәдениет пен өнер саласындағы басым бағыттар қарастырылды. Біріншіден, Мемлекет басшысы биыл 100 жылдығын атап өтетін Наталия Сац атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдерге арналған орыс театры мен Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының реконструкциялау жұмыстарын аяқтау міндетін қойды. Қазір аталған жұмыстарды аяқтау үшін арнайы қордан қаражат бөлу мәселесі пысықталуда. Сонымен қатар Алматы, Абай, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының, сондай-ақ Шымкент қаласының әкімдіктеріне театр салу бойынша құрылыс жұмыстарын бастауды қамтамасыз ету тапсырылды. Тиісті жұмыстар басталып кетті. Аталған жобаларды қажетті қаржыландырумен қамтамасыз ету және оларды іске асырудың белгіленген мерзімдерін қатаң сақтау қажет. Сондай-ақ Мемлекет басшысы кітапханалардың қазақ халқының тарихы мен мәдениетін насихаттау орталықтары ретіндегі маңыздылығын атап өтті. Қазір Астана және Алматы қалаларында Президенттік кітапхана салу жұмыстары жүргізілуде. Аталған тәжірибе Қызылорда облысында да қолданылатын болады. Қызылорда облысының әкімдігіне осы жоба бойынша барлық ұйымдастырушылық және жобалық жұмыстарды қамтамасыз ету тапсырылды, оның тұжырымдамасы Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп бекітілетін болады, – деген вице-министр өзге жоба-жоспарларын жіті таныстырды.

Сонымен қатар кеңесте Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті, «Miras» республикалық кеңесі төрағасының орынбасары Бану Нұрғазиева «Ұлттық құрылтай шешімдерін іске асырудағы ҮЕҰ-ның орны» атты тақырыпта сөз сөйлесе, Астана қаласы балалар мен жасөспірімдерге арналған музыкалық театрының директоры Асхат Маемиров отандық театрды дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын ерекше атап өтті. Көптеген өңірде жаңа театрлар салынып, күрделі жөндеуден өтіп жатқанын тілге тиек етті. Тағы бір маңызды мәселе – музей мен архив саласын цифрландырудың маңызы туралы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықов баяндама жасады. Айтылған ұсыныстар мен оқылған баяндамаларға қатысты кеңес мүшелері, жазушы, қоғам қайраткері Алдан Смайыл, Ұлттық музейдің директоры Берік Әбдіғалиұлы, ақын Алмас Ахметбекұлы сынды зиялы қауым өкілдері өз ойларын ортаға салды. Жиын соңында Кеңес төрағасы Аманжол Әлтай отырыс барысында көтерілген барлық мәселе міндетті түрде назарға алынатынын жеткізді.

Наурызбек САРША