Қоғамдық орындар мен киелі нысандар тазартылды: «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» акциясы жүйелі түрде жалғасып келеді

«AMANAT» партиясының Түлкібас аудандық филиалының төрағасы Ержан Жүнісовтің айтуынша, тазалық өмір салтымыздың ажырамас бөлігіне айналуға тиіс.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын жүзеге асыру мақсатында  еліміздің барлық өңірінде тазалық мәдениетін сақтауды, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды және қалалар мен ауылдардың келбеті үшін жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы жүйелі түрде жалғасуда, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

«Таза бейсенбі» акциясы аясында партияның Түркістан облыстық филиалы  Түркібасы әулие аумағында тазалау жұмыстарын ұйымдастырды. Іс-шараға партия мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері, мәслихат депутаттары, ардагерлер мен жастар қатысты. «AMANAT» партиясының Түлкібас аудандық филиалының төрағасы Ержан Жүнісовтің айтуынша, тазалық өмір салтымыздың ажырамас бөлігіне айналуға тиіс.

«Түркібасы әулие аумағын тазалау арқылы біз өткенге деген құрметімізді, болашақ алдындағы жауапкершілігімізді көрсетеміз. Жаңа Конституция жобасында көрініс тапқан «Таза Қазақстан» идеясы дәл осындай нақты істерден басталады», – деді ол.

 Сондай-ақ «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аясында Қызылорда облысы Сырдария ауданында партия белсенділері «Қалжан Ахун» мешіт-медресесінде тазалық жұмысын ұйымдастырды. Іс-шара мәдени және тарихи маңызы бар нысандарды қорғау, оларды таза әрі ұқыпты ұстау, сондай-ақ тұрғындар арасында экологиялық жауапкершілікті арттыру мақсатында өткізілді.

Акцияға Қалжан ахун ауылының әкімі Мақсұт Қаратаев, аудандық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен партия белсенділері қатысып, жалпы саны 30-дан астам азамат ортақ іске атсалысты.

«AMANAT» партиясы мәдени және тарихи орындарды сақтау, оларды таза ұстау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Мұндай нысандар – халқымыздың рухани мұрасы. Біз тек аумақты тазалап қана қоймай, қоғамда киелі және тарихи орындарға деген құрметті қалыптастыруды көздейміз», – деді партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы.

Қарағанды облысында «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы Ақтоғай ауданында өтті. «Алаш алаңы» аумағында өткен іс-шараға  партия белсенділері, «Жасыл ел» жастар жасағының өкілдері және тұрғындар қатысып, қоғамдық кеңістікті қардан тазартты.

«AMANAT» партиясы Ақтоғай аудандық филиалының төрағасы Саттар Ошақбаев мұндай игі істер қолайлы орта қалыптастыруға ықпал ететінін жеткізді.

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында жалғасын тапқан акция барысында аудан тұрғындары Бауыржан Момышұлы атындағы орталық көшені, сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолдарын қардан тазартып, мұз қатқан жерлерді жойып, тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етті. «AMANAT» партиясы Күршім аудандық филиалының төрағасы Досым Жұмағалиев «Таза бейсенбі» – қар тазалау ғана емес, азаматтық жауапкершіліктің көрінісі екенін атап өтті.

Сонымен қатар партия белсенділері Қостанай облысы Жангелді ауданында Қ. Жармағанбатов ескерткіші алаңын ретке келтірсе, ал Ұлытау облысында «Хан ордасы» ескерткіші аумағын қардан тазартты.

Маңғыстау облысының Шетпе ауылында өткен акцияға  20-дан астам адам қатысты. Олар орталық көшелер мен саябақты тазалау барысында 200 келі қоқыс жинап, арнайы орындарға шығарды.

«Таза бейсенбі» акциясы тек бір күндік іс-шара емес, бұл жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Осындай игі істер арқылы жастар қоғамға үлгі көрсетіп, тұрғындарды тазалықты сақтауға, туған жерге жанашырлықпен қарауға үндейді», – деді партияның Маңғыстау аудандық филиалының төрағасы Шапағат Барахатов.

Шымкент қаласының Абай ауданында «Жастар Рухы» белсенділері және коммуналдық сала мамандары қоғамдық орындарды тұрмыстық қоқыстан, құрғақ бұтақтар мен жапырақтардан тазартты.

Астанада Сарыарқа аудандық «AMANAT» партиясы филиалының белсенділері Сәкен Сейфуллин атындағы музей аумағын ретке келтірді. Аудандық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұрлан Ыбырайымның айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы – туған қалаға деген азаматтық жауапкершіліктің және қамқорлықтың көрінісі ғана емес, сонымен қатар белсенді және бейжай емес жастарды тәрбиелеудің маңызды құралы.

Абай облысы Үржар ауылындағы тұрғындар жиі демалатын «Болашақ» саябағында ауқымды тазалық іс-шарасы ұйымдастырылды. «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері мен белсенді жастары белсене қатысып, саябақтың кіреберіс бөлігін қардан тазартып, жиналған қоқыстарды арнайы орындарға шығарды. Нәтижесінде шамамен 0,5 гектар аумақ ретке келтірілді.

«Таза бейсенбі» экологиялық акциясы еліміздің барлық аймағын қамтып, азаматтарды тазалыққа, қоршаған ортаға қамқорлық жасауға және Қазақстанның болашағына жауапкершілікпен қарауға үндеп келеді.