Қазақстанның Азаматтық альянсы «Ұстаным» ұлттық пікірталас клубының «Конституция: Қазақстанның тарихи таңдауының айнасы» тақырыбына арналған отырысын өткізді. Талқылау барысында елімізде жүзеге асырылып жатқан конституциялық өзгерістер жайлы сөз қозғалды.
Жиынға сарапшылар қауымдастығының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, еліміздің 20 өңіріндегі азаматтық альянстардың көшбасшылары, сондай-ақ Қоғамдық кеңестердің төрағалары мен мүшелері қатысты.
Күн тәртібінде азаматтық қоғам институттарының конституциялық реформаны іске асыруға қатысуы, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру және реформаларды әзірлеу мен талқылау үдерісіне қоғамның кеңінен қатысуын арттыру мәселелері қаралды.
Отырыс қорытындысы бойынша, Қазақстанның Азаматтық альянсы конституциялық реформаны қолдау жөнінде ресми мәлімдеме жасап, оның елдің саяси жүйесін одан әрі дамытудағы маңызын атап өтті. Сондай-ақ Конституциялық комиссия мүшелеріне атқарған жұмысы және азаматтық қоғам ұсыныстарына назар аударғаны үшін алғыс айтты.