Қазақстанда етті мал шаруашылығын дамытуға арналған форум өтеді

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі өнімділікті арттыруға, қайта өңдеуді дамытуға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге бағытталған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын әзірледі.

Құжат етті мал шаруашылығын жүйелі дамытуға, нарық қатысушылары арасындағы өзара ықпалдастықты күшейтуге және бәсекеге қабілетті өнімді сыртқы нарықтарға шығару үшін қолайлы жағдай жасауға арналған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оған қажетті алғышарттар жеткілікті. Біздің еліміз ірі қара малдың көптігі мен негізгі өткізу нарықтарына жедел логистиканы қамтамасыз ететін тиімді географиялық орналасуының арқасында ет өндірісін дамытуда елеулі әлеуетке ие. Оны барынша тиімді пайдалану қайта өңдеуді жетілдіруді, өндіріс тиімділігін арттыруды, заманауи стандарттарды енгізуді және сала қатысушылары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды талап етеді.
Бұл мәселеге уәкілетті мемлекеттік органдар баса назар аударып келеді.
Осы орайда биыл 14-15 ақпанда өтетін Dala.Camp Forum 2026 аясында осы тақырып жан-жақты талқыланады.

Форум «Қазақстанның ет индустриясындағы ірі қара: Болашақтың жол картасы» тақырыбымен өтеді. Оған мемлекеттік органдардың, агробизнес құрылымдарының, салалық қауымдастықтардың өкілдері, инвесторлар мен сарапшылар қатысады.

Форумға Қазақстаннан, Орталық Азия елдерінен, Америка Құрама Штаттарынан, Бразилиядан, Еуропа мемлекеттерінен, Біріккен Араб Әмірліктерінен және Түркиядан 150 делегаттың қатысуы жоспарланған. Олардың қатарында Жануарлар денсаулығы жөніндегі дүниежүзілік ұйым, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы, Қазақстан мал өсірушілер одағы, тұқымдық бағыттағы салалық палаталар, Qazaqstan Investment Corporation, iGPS және агроөнеркәсіп кешеніндегі ірі компаниялар бар.

Форумның алғашқы күні Қазақстанның жаһандық ет нарығындағы орны, экспорттық басымдықтар, мемлекеттік қолдау тетіктері, халықаралық ветеринариялық талаптар және инвестициялық мүмкіндіктер қарастырылады. Келесі күні шаруашылықтардың тиімділігін арттыру, қаржылық модельдеу, цифрландыру және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің басқарушылық құзыреттерін дамыту мәселелері талқыланады.

Форум бағдарламасы аясында мал шаруашылығы мен оған жақын салалардағы инвестициялық жобалардың таныстырылым сессиясы болады деп күтілуде.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.