Бүгін Алматы қаласында ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында «Конституцияны жүйелі жаңғыртудың ғылыми негіздері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Жиын барысында ғалымдар мен сарапшылар конституциялық реформалардың мазмұнын ғылыми-эксперттік деңгейде қарастырып, Ата Заңда ұсынылып отырған өзгерістерді талқылады. Бұған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Конституциялық комиссия мүшелері, академиктер қатысты. Дөңгелек үстел модераторы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев болды.
Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының академиктері бүгінгі жиында бас қосып, мемлекет дамуының тағдырлы кезеңінде ой-пікірімен бөлісті. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы – ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындайтын, экономика мен қоғам өміріндегі маңызды мәселелерді ғылыми тұрғыдан зерделейтін, мемлекет саясатының ғылыми негізін қалыптастыруға үлес қосып келе жатқан іргелі ұйым. Өткен жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында Парламенттік реформалар туралы бастама көтерген сәттен бастап, Ұлттық ғылым академиясы бұл үдерістен тыс қалған емес. Ғалымдар, сарапшылар өз ой-пікірлері мен ғылыми негізделген ұсыныстарын жолдап, реформалардың мазмұнын тереңдетуге атсалысып келеді.
– Қазір біз мемлекетіміздің дамуындағы тарихи кезеңді бастан өткізудеміз. Еліміздің жаңа Конституциясының жобасы талқылануда. Конституция – сол дамудың іргетасы, ұлттың ертеңіне бағыт беретін ең биік құқықтық өлшем. Сондықтан елімізде қолға алынған конституциялық реформалар ғылыми тұрғыдан сараланып, қоғамдық санада байыппен қабылдануы тиіс. Биылғы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ел Конституциясына түбегейлі өзгерістер енгізілетінін жариялап, саяси жаңғырудың жаңа кезеңін бастады. Осыған орай, Конституциялық комиссия құрылып, оның құрамына түрлі сала өкілдерімен қатар, ғылыми қауымдастық мүшелері де тартылды. Ұлттық ғылым академиясының өкілдері жаңа Конституция жобасын әзірлеу жұмысына белсенді түрде, жауапкершілікпен қатысты. Нәтижесінде, ұсынылып отырған жаңа Конституцияның орталық идеясы ретінде ғылым мен білім, мәдениет пен инновация айрықша айқындалып отыр, – деді ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Қажығұлұлы.
Осы орайда отырысқа қатысқан мамандар конституциялық жаңғыруды тек құқықтық акт ретінде емес, білімді, инновацияны және сыни ойлауды бағалайтын жаңа қоғамдық келісімнің негізі ретінде түсінуге жол ашатынын баса айтты. Жиын соңында бір топ ғалым, оның ішінде Қазақстанның Еңбек Ерлері бар академиктер конституциялық реформаларға қатысты өз ұстанымын ашық білдіріп, қоғамдық пікірге үн қосты.
"Жаңа Ата Заңның басты идеяларының бірі – Қазақстанның болашағы азаматтарының білімімен, ғылымымен, шығармашылығымен және жаңашыл ойымен айқындалатынын нақты бекіту. Конституцияның Кіріспесінде мәдениет, білім, ғылым және инновация негізгі құндылықтар ретінде айқындалса, оның «Конституциялық құрылыс негіздері» бөлімінің 3-бабында адам капиталы мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде танылды. Конституцияның 23-бабында сөз бостандығына, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне кепілдік берілуде. Сондай-ақ 33-бабында Азаматтардың ақысыз бастауыш және орта білім алу құқығы, жоғары білімге конкурс негізінде қол жеткізу мүмкіндігі сақталған.
Білім беру жүйесінің зайырлы сипаты нақты бекітіліп, мемлекеттік білім стандарттарының баршаға бірдей болатыны айқын көрсетілген. Бұл – қоғам болып, ел болып жұмылған еңбектің нәтижесі. Ұсынылып отырған Конституция жобасы Қазақстанның қалыптасқан мемлекеттік құрылымын, халықаралық беделін сақтай отырып, болашаққа сенімді қадам жасауға бағытталған. Жалпы айтқанда, жаңа преамбулада өткен тарихи тамырымыз құндылық ретінде айқындалып, бүгінгі уақыттың негізгі қағидаттары нақты белгіленіп, болашаққа бағдар болатын ұстанымдар бекітіліп отыр.
Осы орайда, Ұлттық ғылым академиясының академиктері мен ғалымдары барша отандастарымызды Қазақстан халқына ұсынылған Конституция жобасын мұқият зерделеуге, оның мәні мен мазмұнын терең түсінуге шақырады. Қоғамда жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстарын жандандырып, жалған ақпарат пен шындыққа жанаспайтын арандатушылық пікірлердің жетегінде кетпеуге үндейміз. Баршаңызды ел тағдыры үшін маңызды тарихи таңдауда белсенділік танытып, жаңа Конституция жобасын қолдауға шақырамыз", – деп жазылған үндеуде.