Құлсары қаласында мектепке балта алып келген оқушы ұсталды

Полиция қызметкерлері жасөспірімді жедел түрде ұстап, жанжалға қатысушылар мен олардың ата-аналары полиция бөліміне жеткізілді.

Төтенше жағдай 5 ақпан күні Құлсары қаласында болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

10-сынып оқушысы сыныптастарымен болған жанжалдан кейін оларға балтамен шабуыл жасап, мектеп аумағынан кетіп қалған. Оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл дене жарақатын алды.

Полиция қызметкерлері жасөспірімді жедел түрде ұстап, жанжалға қатысушылар мен олардың ата-аналары полиция бөліміне жеткізілді.

Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 15 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сондай-ақ  ұсталған жасөспірімнің ата-аналарына баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қаралуы мүмкін.

Жиналған материалдар Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жолданды. Бұдан бөлек, білім беру бөліміне оқиғаның туындауына ықпал еткен себептерді жою бойынша ұсыныстар берілді. Тергеу аяқталғаннан кейін мектеп қызметкерлері мен күзет агенттігінің әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.

Баян Жанұзақова