6 ақпанда Ұлттық кітапханада Қазақстан Кітапханалар Одағының ұйымдастыруымен «Конституциялық реформа: қоғам дамуының негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасындағы негізгі өзгерістер жан-жақты талқыланып, Қызылордада өткен V Ұлттық құрылтайда айтылған руханият мәселелері мен кітапхана ісі саласын дамытудың басым бағыттарына ерекше назар аударылды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Қазақстан Кітапханалар Одағының ұйымдастыруымен «Конституциялық реформа: қоғам дамуының негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасындағы негізгі өзгерістер, Қызылорда қаласында өткен V Ұлттық құрылтайда көтерілген руханият мәселелері, сондай-ақ кітапхана ісін дамытудың өзекті бағыттары талқыланды.
Дөңгелек үстелге Қазақстан Кітапханалар Одағының өкілдері, республикалық және өңірлік кітапханалардың басшылары мен мамандары, жоғары оқу орындарының ғылыми кітапханаларының өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстан Кітапханалар Одағының төрағасы Ғазиза Нұрғалиева өз сөзінде конституциялық реформалардың қоғамды жаңғыртудағы маңызын атап өтіп, кітапханалардың құқықтық мәдениет пен рухани құндылықтарды насихаттаудағы ерекше рөліне тоқталды. Ғазиза Құдайбергенқызының айтуынша, бүгінгі таңда кітапханалар азаматтық сананы қалыптастыратын маңызды қоғамдық алаңға айналып отыр.
Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының директоры Сайдембаева Әлия Шуратқызы жаңа Конституция жобасының мазмұнына тоқталып, оның қоғамдық маңызын атап өтті.
«Жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің басты басымдығы ретінде айқындау – қоғам дамуы үшін аса маңызды қадам. Құжатта халықаралық құқықтық нормалар ескеріліп, азаматтардың жеке, әлеуметтік және саяси құқықтарын қорғау кепілдіктері айтарлықтай күшейтілген. Сонымен қатар Конституция жобасы әділеттілік пен заң үстемдігі қағидаттарына негізделіп, отбасы құндылықтарын сақтау, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған», - деді Әлия Сайдембаева.
Ал Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті ғылыми кітапханасының директоры Өтегенова Әсем Мұхтарқызы конституциялық реформаның мәніне кеңірек тоқталды.
«Конституциялық реформа – бұл тек жаңа баптар мен атаулар емес, қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынастың қалай өзгеріп жатқанын түсіну үдерісі. Конституция – заң ғана емес, қоғамның өз-өзіне қойған айнасы. Ұсынылып отырған өзгерістерде билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейту, адам құқықтары мен бостандықтарын нақтылау, азаматтық қатысуды арттыруға бағытталған оң ниеттер бар.
Адам құқықтарына қатысты нормалардың айқынырақ белгіленуі – құқықтық мемлекеттің маңызды белгісі. Алайда бұл қағидаттардың қағаз жүзінде емес, іс жүзінде қалай жүзеге асатыны аса маңызды. Мемлекеттік тілдің конституциялық мәртебесі сақталғанымен, оның қоғамдық өмірде толыққанды қолданылуы әлі де өзекті мәселе болып отыр.
Осы тұрғыдан алғанда, конституциялық реформа дайын шешім ғана емес, ортақ жауапкершілік. Конституцияның шынайы құндылығы оның мәтінінде емес, күнделікті өмірде қалай жұмыс істейтінімен өлшенеді», - деді Әсем Өтегенова.
Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы Қанат Алтынбек дөңгелек үстелде сөйлеген сөзінде конституциялық реформалардың рухани негізіне тоқталып, ойымен бөлісті.
«Дархан даламыздың даңқты перзенті, күллі адамзат өркениетінің рухани темірқазығына айналған Әбу Насыр әл-Фараби адамзатқа «Ізгі қоғам» туралы ұлы идеяны аманат етіп қалдырды. Ол ізгілікті жай ғана абстракт ұғым ретінде емес, қоғам өмірінде жүзеге асуға тиіс нақты өмір сүру үлгісі ретінде түсіндірді. Адам мен қоғам арасындағы үйлесім, әділет пен парасат үстемдік құрған мемлекет туралы ойлары ғасырлар қойнауынан бүгінгі күнге де үн қатып отыр», - деді Қанат Алтынбек.
Осындай терең философиялық ойды тудырған ғұламаның Отаны – Қазақстан бүгінде жауапты әрі маңызды тарихи кезеңге аяқ басты. Мемлекеттің тірегі, елдіктің темірқазығы саналатын Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, ел болашағына қатысты тағдырлы мәселелер қайта қаралуда. Бұл – заңдық қана емес, рухани маңызы зор үдеріс. Өйткені Конституция – қағаз жүзіндегі ереже ғана емес, адам құқығы мен бостандығын қорғайтын, қоғамдағы әділеттің өлшемін айқындайтын қасиетті құжат».
Іс-шара кәсіби тәжірибе алмасуға, құқықтық сауаттылықты арттыруға және кітапханалардың қоғамдық әрі рухани үдерістердегі рөлін айқындауға бағытталған мазмұнды диалог алаңына айналды.