Жаңа Конституция жобасы: адами капитал ел дамуының басты ресурсына айналады

Жаңа Конституция жобасында ұсынылған нормалар елімізді технологияны тұтынушыдан оны өндіруші мемлекетке айналдыруды көздейді.

«AMANAT» партиясының Орталық аппаратында Қоғамдық саясат институтының ұйымдастыруымен  TALQYLAU сараптамалық диалог алаңының «Қазақстан – білім мен инновация мекені» тақырыбындағы отырысы өтті. Іс-шара барысында конституциялық реформа аясындағы білім мен ғылым саласына қатысты негізгі өзгерістер, жаңа нормалардың адам капиталын дамытуға қосатын үлесі талқыланды,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кездесудің негізгі түйіні – білім мен инновациялар тек әлеуметтік сала болудан қалып, ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің берік іргетасына айналуда.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек конституциялық реформаны жаһандық бәсекелестік жағдайындағы мемлекет дамуының маңызды қадамы ретінде бағалады. Ол жаңа Конституция жобасы дәуір алмасқанын айқын көрсететінін атап өтті. Конституцияның жаңа редакциясында адами капитал, мәдениет, білім, ғылым және инновациялар мемлекеттің басты құндылықтары ретінде айқындалды.

 «Бұл – аса маңызды шешім. Себебі бүгінде әлем ауқымды демографиялық және технологиялық трансформациялар кезеңіне қадам басты. Демография процесі мемлекеттердің экономикасына, саясатына және бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл ережелердің Конституцияда бекітілуі – адами капиталдың сапасы мен саны тұрғысынан стратегиялық маңызы зор қадам», – деді Саясат Нұрбек.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева әлем тарихи бетбұрыс кезеңінде тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, индустриялық үлгінің орнына біртіндеп когнитивті экономика келе бастады. Ал мұндай экономикада басты ресурс – білім, шығармашылық қарым-қабілет және инновация.

 «Қазіргі конституциялық реформа – өткенге емес, болашаққа берілген жауап. Үлкен деректерді талдау, жасанды интеллект пен роботтандыру секілді заманауи үдерістердің барлығы цифрлық технологиялармен тығыз байланысты. Ал технология дамыған сайын адам ақыл-ойының маңызы арта түседі. Бүгінде әлемде зияткерлік әлеует үшін жаһандық бәсеке жүріп жатыр. Осы себепті интеллектуалдық меншік, ғылым және шығармашылық еңбекті конституциялық деңгейде қорғау еліміздің зияткерлік әлеуетін сақтау мен дамытуда шешуші мәнге ие», – деді Екатерина Смышляева.

Мемлекеттің болашағын айқындайтын басты күш – жастар. Бұл туралы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Индира Рыстина мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы бес жылда ғылым мен білім саласында елеулі серпін байқалып, жастардың зерттеу жұмыстарына қызығушылығы айтарлықтай артқан. Бүгінде Қазақстанда 6 миллионнан астам жас бар. Сараптамалық орталықтардың болжамына сәйкес, 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш 8 миллионға жетуі немесе одан да асуы мүмкін. Ал осы қарқын сақталса, 2070 жылдары жастар ел халқының тең жартысына жуықтайды.

 «Зерттеу деректеріне сүйенсек, жастардың 86 пайызы білім мен ғылымды басымдық ретінде қарастырады, ал цифрлық сауаттылықты қажетті дағды деп санайды. Бұл – адами және зияткерлік әлеуетті дамыту мемлекеттік саясаттың өзегінде болуы тиіс екенін айқын көрсетеді», – деді Индира Рыстина.

Саясаттанушы, Конституциялық комиссия мүшесі Марат Шибутов ғылым саласындағы конституциялық нормаларды іс жүзінде жүзеге асыру мәселесіне тоқталды.

 «Ғылым мен инновацияның жаңа Конституция жобасының преамбуласында және негізгі мәтінінде көрініс табуы – дамудың дұрыс бағытын айқындайды. Сонымен қатар нақты нәтижеге қол жеткізу үшін ғылыми білімді сақтау, цифрландыру және тарату жүйесін қалыптастыру маңызды. Бүгінде елімізде зерттеу деректерінің едәуір қоры жинақталған. Оларды жүйелеу ғылыми сабақтастықты қамтамасыз етіп, ақпараттың жоғалуын азайтады және жасанды интеллектініқоса алғанда, отандық ғылым мен цифрлық шешімдерді дамытудың негізін қалайды», – деді ол.

Қоғамдық саясат институтының директоры, Конституциялық комиссия мүшесі Мадина Нұрғалиева білімге деген көзқараста түбегейлі өзгеріс болғанын атап өтті.

«Қолданыстағы Конституцияда білім негізінен әлеуметтік саланың құрамдас бөлігі ретінде қарастырылса, жаңа жобада ғылым, білім және инновация ел дамуы мен ілгерілеуінің негізгі қозғаушы күштері ретінде белгіленген. Бұл қағидат Конституция жобасының алғашқы жолдарынан бастап бекітіліп, әрбір тармақтың мұқият әрі жауапкершілікпен пысықталғанын аңғартады», – деді Мадина Нұрғалиева.

TALQYLAU диалог алаңына қатысушылар ғылым мен инновацияларды Негізгі заң деңгейінде стратегиялық басымдық ретінде тану Қазақстанның орнықты дамуына берік негіз қалыптастыратынын атап өтті. Алдағы кезеңде заңнамалық базаны жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс жүргізіледі. Жаңа Конституция жобасында ұсынылған нормалар елімізді технологияны тұтынушыдан оны өндіруші мемлекетке айналдыруды көздейді.