Жиын барысында «Құндылыққа негізделген қоғам: Ұлттық құрылтай көтерген міндеттер мен азаматтық жауапкершілік» тақырыбы талқыланып, мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі ретінде танылған мәдениет пен ұлт руханиятын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Алқалы жиынға Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері, көрнекті қаламгерлер, ғалымдар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және бейнеконференц-байланыс режимі арқылы өңірлердегі партияластар қатысты.
Сөз басында Мәжіліс депутаты, Кеңес төрағасы Аманжол Әлтай елімізде мемлекет болашағы үшін айрықша маңызға ие Ата Заңның жаңа жобасы пысықталып жатқанын мәлімдеді.
«Ата Заң халықтың алдында, халықпен бірге талқыланып отырғаны – бүгінгі реформаның басты ерекшелігі. Мұның өзі – Мемлекет басшысы алға қойған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын мысалы. Конституцияның жаңа мәтінінде Егемендігіміздің еңсесін тіктеп, Тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктететін көптеген артықшылықтар бар. Елдің болашағы, ұлттың мүддесі, келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік – мемлекеттің ең басты қағидасы. Оны әрбір азамат қадірлейді, көзінің қарашығындай қорғауға тиіс», – деді Аманжол Әлтай.
Жаңа Конституция жобасының басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация айқындалды. Мәселен, 3-баптың бірінші тармағында, Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары қатарында «тарихи-мәдени мұраны сақтау; төл мәдениетті қолдау» деп анық жазылды. Кеңес төрағасының айтуынша, бұл өзгерістер – мемлекет болашағы ендігі таңда адами капиталға және азаматтардың жетістіктеріне тікелей байланысты екенін көрсетеді.
Сондай-ақ жаңа преамбулада басты құндылықтың бірі ретінде «Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтау» мәселесі айқын жазылды. Сонымен қатар «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» сияқты құндылықтар да преамбуланың өзегіне айналды. Осылайша, ел ертеңі, ұлт болашағы жолындағы мызғымас моральдық-құқықтық өзгеріс қалануда.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжанов Ұлттық құрылтайдың соңғы отырыстарында көтерілген бастамалар елдің рухани өзегін нығайтуға бағытталған жүйелі саясат екенін атап өтті.
«Заманауи қоғамда мәдениет саласының экономикалық әлеуеті жоғары болуы шарт. Бұл туралы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы нақты атап өтті. Бүгінде әлемде креативті индустрия мемлекеттердің жалпы ішкі өнімінің елеулі бөлігін құрайды. Өкінішке қарай, бізде бұл көрсеткіш әлі де төмен деңгейде. Қазақ киносы, музыкасы, анимациясы, әдебиеті ішкі нарықпен шектелмей, жаһандық кеңістікке шығуға тиіс. Бұл үшін не істеу керек? Ұлтымыздың бай мұрасын заманауи талаптарға сай жаңғыртып, авторлық құқықты қорғау жүйесін күшейту, шығармашылық кәсіп иелеріне салықтық және гранттық қолдау тетіктерін жетілдіру, өңірлік мәдени инфрақұрылымдарды жаңарту ауадай қажет», – деді депутат.
Ал Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың V отырысында ел дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселеге тоқталып, қоғамның мәдени, рухани жаңғыруы мен әлеуметтік экономикалық дамуына басымдық бергенін атап өтті.
«Құрылтай барысында көтерілген бастамалар мен ұсыныстар жұртшылық тарапынан кең қолдау тауып, ел болашағына бағытталған нақты қадамдар ретінде бағаланды. Осы орайда Құрылтайда көтерілген бастамалар бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігінің жұмыс жоспары әзірленді. Мемлекет басшысы биыл 100 жылдығы атап өтілетін Наталья Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының және Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының реконструкциялау жұмысын аяқтау міндетін қойды. Осы бағытта біз тиісті мемлекеттік органдармен қаржы мәселесін пысықтап, бұл жұмыстарды дер кезінде аяқтау мақсатында жұмыс жоспарын бекіттік», – деді Айбек Сыдықов.
Сонымен қатар вице-министрдің айтуынша, Алматы, Абай, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының, сондай-ақ Шымкент қаласының әкімдіктеріне театрлар салу бойынша құрылыс жұмыстарын бастауды қамтамасыз ету тапсырылды.
Осы орайда Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева үкіметтік емес ұйымдарға арналған жеке заң қабылдау бастамасы Президент тарапынан қолдау тапқанын мәлімдеді.
«Мықты мемлекет қалыптастыру үшін билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату керек. Ұлттық құрылтай қоғам мен билік арасындағы ашық әрі сенімді диалогтың нақты үлгісі болды. Ең маңыздысы, Құрылтайда айтылған бастамалар жай сөз күйінде қалып қоймай, нақты істерге айналды. Құрылтай нәтижелерінің бірі ретінде осы үкіметтік емес ұйымдарға арналған жеке заң қабылдау бастамасы Президент тарапынан қолдау тапты. Мұндай заң ең алдымен үкіметтік емес ұйымдардың қызметін нақты реттеп, олардың құқығын қорғауға, жұмысын ашық әрі тиімді етуге мүмкіндік береді», – деді Бану Нұрғазиева.
Бұл ретте Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықов Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың V отырысында цифрландыру мен жасанды интеллект арқылы тарихи мұраны сақтау мүмкіндіктеріне ерекше назар аударғанын атап өтті.
«Құрылтайда ұлттық цифрлық мұра құрылымын құру мәселесі мақұлданып, мұрағаттық материалдар мен тарихи ақпараттарды цифрлық түрде сақтау қажет екені айтылды. Бұл бастама цифрлық мұраны жүйелі түрде жинақтап, сақтау және пайдалану үшін арнайы жасалуда. Ұлттық цифрлық мұра білім беру, ғылым және креативті индустрияларды дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл мәдени мұраны терең талдау, кеңінен насихаттау және практикалық тұрғыда қолдану мақсатында жасанды интеллектіні қоса алғанда заманауи технологияларды белсенді пайдалануға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, аталған бастаманы іске асыру Қазақстанның өз тарихи тамырын сақтай отырып, цифрлық дәуірде сенімді дамып келе жатқан мемлекет ретіндегі халықаралық имиджін нығайтуға ықпал етеді», – деді Жандос Болдықов.
Осылайша, жиын барысында Ұлттық құрылтайда көтерілген руханият саласындағы негізгі басымдықтар, отандық театр өнерін дамытудағы мемлекеттік саясаттың рөлі, музей мен архив саласын цифрландырудың маңызы, Ұлттық құрылтайда қабылданған шешімдерді жүйелі жүзеге асырудағы үкіметтік емес ұйымдардың алар орны туралы мазмұнды әңгіме өрбіді.
Жиынды қорытындылай келе, Кеңес төрағасы Аманжол Әлтай отырыс барысында көтерілген барлық мәселе мен айтылған ұсыныс-тілектерге алдағы уақытта да жіті назар аударылатынын жеткізді.
Елнар ЕЛТАЙ