Салық реформалары, бизнесті қолдау, ақпараттық жүйелерді цифрландыру сынды басқа да өзекті мәселелерге назар аударылды.
Жиынды ашқан Премьер-министр кәсіпкерлікті дамыту Мемлекет басшысы айқындаған басым бағыттардың бірі екенін ерекше атап өтті. Бизнес – экономикалық реформалар жүргізуде басты серіктес, бұл жұмыста «Атамекен» ҰКП маңызды рөл атқарады.
«Біз бүгін сіздермен еліміз үшін өте маңызды, тарихи маңызы бар сәтте кездесіп отырмыз. Жарты жыл бойы қоғамда Конституциялық реформаны белсенді талқылау жүріп жатыр. Ашық дискуссиялар болып жатыр. Азаматтардан мыңдаған ұсыныс келіп түсуде және олардың барлығы терең зерделеніп, ескеріліп жатыр. Бұл – еліміздегі демократиялық процестердің айқын дәлелі. Еліміздің жаңа Конституциясының жобасы халыққа ұсынылды, басты мақсат – егемендігімізді, Тәуелсіздікті нығайту. Барлығыңызды Президентімізді және жаңа Конституцияны қолдауға шақырамын. Сіздердің қарамақтарыңызда мыңдаған азамат жұмыс істейді. Олардың әрқайсысына реформа міндеттерін дұрыс жеткізу маңызды», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жаңа Конституция жобасында Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» жаппай үстемдік құрған Әділетті Қазақстанды құру туралы бағдары кәсіпкерлер қауымына үлкен жауапкершілік жүктеп, адал еңбек, кәсіпке деген құрмет, елге жанашыр болу сияқты құндылықтардың маңызын арттыра түседі. Әділдік пен заңдылық қағидаттарын конституциялық деңгейде бекіту сенім мен ұзақмерзімді әріптестік орта қалыптастырады.
Кеңес барысында Президенттің жаңа салық ережелерін біртіндеп енгізуге қатысты тапсырмасының орындалуына назар аударылды. Қатысушылар салық төлеушілер үшін өтпелі кезең мен салықтық әкімшілендіру мәселелерін талқылады.
Қазақстанда кәсіпкерлердің салықтық әкімшілендірудің жаңа шарттарына қолайлы көшуін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды. Осылайша, Үкіметтің шешімімен шағын және микробизнес жекелеген жағдайды қоспағанда, 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін тексерулерден, камералдық бақылаудан және әкімшілік жауапкершіліктен босатылды. Биылғы 1 сәуірге дейін берешекті төлеу кезінде өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару ережесі қолданылады, қызметті жою және тоқтату рәсімдері қайта қаралды. 2026 жылдың соңына дейін шағын және микробизнес үшін өтпелі кезең енгізілді, қателер үшін өсімпұлдар мен айыппұлдар алынбайды.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бір мезгілде 250 мыңға дейін салық төлеушіге қызмет көрсету мүмкіндігі бар Жобалық кеңсенің жұмысы туралы баяндады. Жұмыс өтініштерді жедел қараумен «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша құрылған. Соңғы үш аптада сұраныстар ағынының 19,5 мыңнан 7,1 мыңға дейін төмендеуі байқалады, бұл техникалық процестердің тұрақтанғанын көрсетеді. «Халық бухгалтері» акциясына 17 мыңнан астам салық төлеуші қатысты. Сондай-ақ салық жүйесінде азаматтар мен бизнесті тіркеудің өсуі байқалғаны атап өтілді.
М.ЖАЛҒАСҰЛЫ