Көкпар

– Ағай! Ой, ағай!

– Иә.

– Бір жігіт мені қуа береді, қуа береді.

– Сен ше?

– Мен қаша беремін, қаша беремін.

– Немене сендер қыз қуу ойнап жүрсіңдер ме?

– Жоқ, ағай. Көкпар ойнап жүрміз.

– Көкпар?

– Иә, ағай! Көкпар!

– Сонда сен серкені қалай кө­тересің?

– Мен көтермеймін ғой, ол кө­тереді.

– Қалай?

– Ту-у-у, ағай! Неге түсінбейсіз? Жігіт мені қашып бара жатқан же­рім­нен ұстап алып, алдына өңгеріп, үйіне алып қашады. 

– Алып қашады? Бұл Қыл­мыс­тық кодекстің қаншасыншы еді, иә, түгенінші бабы екен ғой, адам ұрлау дерегімен сегіз немесе он жылға бас бостандығынан айырылады.

– Не дейсіз, ағай? Бас бостан­дығы дедіңіз бе? Ол мені бас бостан­дығымнан айырғысы келіп жүр ғой. Еріксіз алып қашса, оқуым қайда қалады? Әке-шешеме не деймін?

– Не дейсің? Өзім келдім дей­сің.

– Ту-у-у, ағай-ай! Мәселенің өзі сол өз еркімнен бармағанымда бо­лып тұр ғой. Сүймеймін мен ол жі­гітті. Оқуымды бітіруім керек. Түсінесіз бе, алып қашты ол мені, алып қашты. Ағаларым мен жең­гелерім келіп, әупіріммен тұзақтан босанып шықтым. Ол басқан ізімді тағы да аңдып жүр.

– Аңди берсін. «Аңдыған алмай қоймас» деген бар.

– Ту-у-у, ағай-ай! Не деп кет­тіңіз. Мен ол жігітке тұрмысқа шық­паймын дедім ғой. Шықпай­мын. 

– Шықпасаң, шықпа. Оқуыңды жалғастыра берсеңші.

– Соңымнан салпақтап қалмай­ды деймін. Қалмайды. Аңдып жүреді. Сес көрсетеді.

– Сес көрсетеді? Сонда не дей­ді?

– Маған тұрмысқа шықпасаң, пышақтап кетем дейді.

– Міне, бұл – қылмыс! Қылмыс­тың көкесі! Айналайын, қарын­дасым! Міне, қағаз, қалам. Арыз жаз.

Бойжеткен полиция майоры, аға тергеуші Тапқышбек Тыңшы­бекұлының көрсетуі бойынша арыз жазып берді.

– Жарайсың! Қуғынбай Ұстап­бер­генұлын құрықтаймыз. Әкесін көзіне танытамыз. Бұдан былай соңың­нан көлеңкедей еріп, қалмай­тын болады. Артық әрекетке бар­майтын болады. Жаман көзің саған қарай салмайтын болады.

– Уф! Жақсы болды ғой.

Тергеуші бөлмесі. Қуғынбай Ұстапбергенұлы тергеуші алдында иығын қушитып, төмен қарап мыңқылдап отыр.

– Жолдас майор!

– Тапқышбек Тыңшыбекұлы деңіз.

– Иә, Тапқышбек Тыңшы­бекұлы! Қызды мен ұрлағаным жоқ. Өзі келісті. 

– Өзі келіскен қыз арыз жазып келмейді.

– Оны біреулер азғырып жүр. Мені «ұры» деп бекер жазғырып жүр. 

– Айтасың-ау. Ұрысың! Ұры болмасаң да бандиттердің бірісің.

– Көке!

– Маған «көке» деме. Мен сенің екі туып, бір қалғанын емеспін. Мен – тергеушімін. 

– Тергеуші аға! Мәмлеге ке­лейікші. 

– Міне, мұның орынды. Қандай ұсы­нысың бар? Кінәңді мойындай­сың ғой. 

– Мойындамаймын. Бірақ ұсы­нысым бар.

– Қандай?

– Жібекпен өзім сөйлесемін. Әке-шешесінің алдынан өтемін. Кешірім сұраймын. Ауызбастырық береміз. Арызын қайтып алады. Ал сізге әкем келіп жолығады.

– Әкеңде не шаруам бар? 

– Сізге арнаған сыйлығы бар. Екі жылқы. Семіз. Конвертте.

– Сен өзі жөн-жоба білетін жігіт екенсің. Жібекті осында алып кел. Арызын қайтып алсын. Бұдан бы­лай бойжеткен көрсең, аулақ жүр.

– Енді аға, қашанғы сұрбойдақ болып жүремін? Қатарластарымның алды екі-үш балалы болды. Соларды көріп, менің көңілім налалы болды. Бір қызды алып қашамын деп мына пақырыңыз жазалы болды.

– Тақпақтатпа. Қызды әуелі көндір. Бақытты болатынына сендір. Сосын үйіңе ендір.

– Ой, тергеуші ағай! Сіз де ақын екенсіз ғой.

– Бар, жоғал! Жібекті ертіп кел де көзіме көрінбе. Айтпақшы, әкең қашан келеді?

– Сіздің айтқан уақытта келеді.

– Онда бүгін кешке «Сауық-сайран» мейрамханасына келсін. Сонда отырып, кеңінен әңгіме­лесерміз.

– Рахмет, тергеуші ағай! Кете берейін бе?

– Қараңды батыр!

Қуғынбай Ұстапбергенұлы лып етіп көтеріліп, бөлмеден атып шық­ты. «Е, келісуге болады екен ғой» деп ой түйді. «Іс бітті, қу кетті». Жібек арызын қайтып алды. Оқуы­на аттанды. «Осыдан қолыма бір тү­серсің» деп Қуғынбай қулық ойлап тұрды. Бірақ қулығының соңында құрық бойламайтын сұмдық жатыр еді...

Қуғынбай қутыңдады. Жібектің соңынан аңдып, тың тыңдады. Бір күні апақ-сапақта оңашада ұстап алды.

– Жібек! Бұдан былай сені Қыз Жібек дейінші. Мен Төлеген болайын.

– Болмай-ақ қойыңыз. Жаман екен ойыңыз. 

– Несі жаман? Шын ғашықтар солардай-ақ болсын!

– Төлеген Бекежанның қолы­нан қаза табады ғой. Өлмей тұрған­да менен бір шақырым аулақ жүріңізші.

– Не дейсің?

– Менен бір шақырым қашық жүріңіз деймін. 

– Ғашық деймісің? Иә, мен саған ғашықпын, жаным!

Бойжеткен бұлқынды. Жігіт жұлқынды. Жібек жігіттің қолынан босап шығып, қашып кетті.

«Қап! Осыдан қолыма тағы бір түсерсің!» деп Қуғынбай кіжінді.

Ол қызды тағы да аңдып жүрді. Бойжеткен тергеушіге тағы барды. 

– Ағай! Қуғынбай қуа береді.

– Ол қойдым деп еді ғой.

– Қоймапты. Соңымнан қал­майды. 

– Жарайды, бара бер. Онымен өзім сөйлесемін.

– Сөйлесіңізші. Соңымнан салпақтауды қойсын. 

Тапқышбек Тыңшыбекұлы кү­діктіні шақырды. Ол бұрынғы бұра­лаң жолымен тергеушіден судан таза, сүттен ақ болып шықты. 

«Төлеген» Қыз Жібектің соңы­нан шырақ алып түсті. Бұл жолы Жібектің орамалы ғана жатты жағада. Кінәлі «Төлеген» еді...

Қыз тағдырына жүрдім-бардым қараған Тапқышбек прокурордың алдында отыр. Тағы бір көкпар басталып кетпесе, кінәлілер жаза­сын алар-ау деп көпшілік жоғары жаққа жалпақтап қарағыштайды...

Сабырбек ОЛЖАБАЙ