XXI ғасырдың озық әрі тез дамып келе жатқан технологияларының бірі – жасанды интеллект. Бұл тек бағдарлама құрастыру немесе робот жасау ғана емес, адамның білімін, тәжірибесін және логикалық тұжырымдарын жаңа деңгейге шығаратын технологиялық революция. Ол өмір сапасын өзгертіп қана қоймай, адам капиталының жаңа даму стратегиясын қалыптастырады деп күтілуде. Зерттеушілер цифрландыру саласында әлем жасанды интеллект пен автономдық жүйелерді өмір мен бизнестің барлық саласына терең интеграциялау кезеңіне аяқ басты, бұл еңбек нарығының құрылымын айтарлықтай өзгертеді. Мұндай жағдайда адам капиталының жаңа моделін дамыту, мамандарды дайындау және адамдардың жүйелерді қолдана білуімен қатар, күрделі ЖИ жүйелерін басқаруға қабілетті болуына басты басымдық берілуі керек дейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа Жолдауында жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе, жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатқанын айтты. Басқаша болуы мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе, артта қалудың салдары өте ауыр болады. Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек», – деді.
Бұл стратегиялық мақсат еліміздің экономикасының тиімділігін арттырып қана қоймай, білім беру, медицина, өндіріс және коммуникация салаларында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Алайда сала мамандарының пайымдауынша, цифрлық жаңғыру барлық салада бірдей оң нәтиже бермеуі мүмкін. Интернет инфрақұрылымы мен цифрлық сауаттылық деңгейі әр жерде әртүрлі, сондықтан технологиялық даму мен әлеуметтік теңдікті қатар ұстану – басты міндет саналады. Сондай-ақ жаңа мүмкіндіктер тек цифрлық құралдардың көптігімен емес, олардың азаматтарға нақты пайда әкелуімен өлшенуі керек. Әйтпесе, технологиялық прогресс қоғамды біріктіретін емес, бөлетін факторға айналуы мүмкін.
Алгоритм адамды басқармасын десек...
Осы орайда Үкімет жедел шаралар қабылдап, салалық ведомствоға ғана емес, барлық салалық мемлекеттік органдар мен өңірлердің басшыларына да тиісті міндеттер жүктеді. Әсіресе, алыс ауылдар мен шалғай елді мекендерді сапалы әрі тұрақты интернетпен қамтамасыз ету бүгінгі күннің ең өзекті мәселелері қатарында. Дегенмен Үкімет 2023 жылы «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасын қабылдап, жоба аясында 2027 жылға қарай халықты 100 пайыз интернетпен қамту жоспарын бекіткен болатын. Ресми ақпаратқа сәйкес, 2025 жылы елімізде 300-ден астам ауылдық елді мекен спутниктік интернетпен қамтамасыз етілді. Бұл қадам қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты азайтып, ауыл тұрғындарына онлайн білім алу, электрондық қызметтерге қол жеткізу және заманауи коммуникация құралдарын қолдану мүмкіндігін берді. Ал 2026 жылы нарыққа жаңа операторлардың шығуы және Direct-to-Cell технологиясының дамуы күтілуде. Бұл өзгерістер цифрлық байланыс сапасын арттырады және еліміздің әрбір тұрғынына тұрақты әрі жылдам интернетке қол жеткізуге жол ашады. Еліміз үшін бұл техникалық жаңалық қана емес. Ол қоғамның цифрлық сауаттылық деңгейіне жаңа талаптар жүктейді. Сондықтан цифрлық дамуды тек инфрақұрылымды жаңарту емес, азаматтардың білім деңгейін, икемділігін және технологияны меңгеру қабілетін, цифрлық сауатын арттыруға бағытталған шара ретінде қарастыру маңызды. Бұл тұрғыда зерттеушілер киберәлеуметтену (виртуалды ортадағы әлеуметтену) және цифрлық сауаттылық (интернеттегі ақпаратты іздеу, өңдеу және бағалау қабілеті) түсініктерін енгізе отырып, осы арқылы әлеуметтік нормалар мен құндылықтарды меңгеру қажеттігін ұсынады.
2023 жылғы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің мәліметтері бойынша, Қазақстан халқының 85%-ы интернетті тұрақты пайдаланады, ал 15-24 жас аралығындағы жастардың интернет қолдану көрсеткіші 97%-ға жеткен. Бұл көрсеткіштер қоғамда киберәлеуметтену процесі, әсіресе, жастар арасында ерекше қарқынды жүруде деген тұжырымды алға тартады. Сондай-ақ халықтың цифрлық сауаттылық және цифрлық дағдыларды тиімді қолдана білу, цифрлық қауіпсіздік мәселелерінде қазақстандықтардың 34%-ы фишинг шабуылдарына ұшырағаны, ал 41%-ы интернеттегі жалған ақпаратты ажырата алмайтыны анықталған. 2003 жылғы KazMedia Survey зерттеулеріне сәйкес, жастардың 43%-ы әлеуметтік желілердегі фейк жаңалықтарға сенуге бейім болса, CyberCrime Report зерттеулері алаяқтық схемалардан зардап шеккен қазақстандықтардың саны 2021-2023 жылдары 32%-ға өскенін анықтаған.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, Экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы Әсел Әбен «Жаңа шындыққа бейімделу: экономикалық саясаттың жаңа кезеңі» атты мақаласында «Цифрландыру саласында әлем жасанды интеллект пен автономдық жүйелерді өмір мен бизнестің барлық саласына терең интеграциялау кезеңіне аяқ басты, бұл еңбек нарығының құрылымын айтарлықтай өзгертеді. Мұндай жағдайда басты басымдық – адам капиталын дамыту: мамандарды дайындау, олар тек жүйелерді қолдана білумен шектелмей, күрделі ЖИ жүйелерін басқаруға қабілетті болуға тиіс» дейді. Ал ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Айгүл Забирова: «Біз адам капиталының жаңа моделін қалыптастырудың куәсі болып табылатынымызға күмән жоқ, онда білім ғана емес, жаңа технологиялармен жұмыс істеу қабілеті де бағаланады. Алгоритмдермен бірлесіп жұмыс істей білу қабілеті жасанды интеллект буынының негізгі дағдысына айналады деп айтуға болады. Бұл бүгінде қандай дағдылардың сұранысқа ие болуына тікелей әсер етеді», дейді.
Осы орайда біз Айгүл Забировадан «Алгоритмдерді меңгерудің және оны дұрыс қоя білудің маңыздылығы деген не?» екенін сұрағанымызда, «Алгоритмдермен бірлесіп жұмыс істеу дағдыларына цифрлық сауаттылық, аналитикалық ойлау, ЖИ-ге міндеттерді қою қабілеті, нәтижелерге талдау жасау, оқытудың икемділігі мен жылдамдығы секілді бірқатар шартты жатқызуға болады» деп түсіндірді.
– Қарапайым нәрседен бастасақ, бүгінде алгоритмдер бізге қандай жаңалық көрінетінін, қандай жұмыс ұсынылатынын, тіпті не сатып алатынымызды да анықтап отыр. Біз көбіне неге дәл осы ақпарат алдымыздан шыққанын ойламаймыз, бірақ оның артында алгоритм тұрғанын білмейміз. Сондықтан мәселе алгоритмнің қалай әсер ететінін түсінуде. Алгоритмді дұрыс қолдану оны соңғы шешім деп қабылдамау. Ол тек нұсқа ұсынады, ал жауапкершілік адамда қалуы керек. Егер осы айырмашылық жоғалса, технология адам орнына ойлай бастайды, – дейді маман.
Технологиялық төңкеріс: негізгі сынақ кім?
Шындығында, жасанды интеллект өркениетті өзгертетін индустриялық революция ретінде адамзатқа әсер етуге дайын тұр. Бұрынғы OpenAI зерттеушілері мен киберқауіпсіздік сарапшыларының болжамынша, он жыл ішінде ЖИ-дің әсері өнеркәсіп революциясынан асып түсуі мүмкін. Бұл тек өндіріс пен экономикаға ғана емес, адамның қабілеттеріне, ойлау тәсіліне және білім алуына да әсер етеді. Сонымен қатар еңбек нарығына, тіпті күнделікті өмірге түбегейлі өзгерістер әкелетін тегеурінді күш дейді. Сондықтан заманауи технологияны сауатты қолдана білетін, жасанды интеллектіні басқаруға қабілетті, ақылды адам интеллектісін жетілдіру бүгінгі қоғам үшін аса маңызды. Болашақта әрбір азамат тек ақпаратты тұтынушы емес, оны талдай білетін, ЖИ мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білетін жаңа заман адамына айналуға тиіс.
– Жаңа дәуірдің адамы жасанды интеллектіге қашатын да адам емес. Бұл шекара қоя алатын адам. Мұны балалар мен оқу мысалынан анық көреміз, үй тапсырмасын бір батырмамен орындауға болса жұмыс емес, ойлау процесі жоғалады! Ата-ананы алаңдататыны баланың өз бетімен ойлану дағдысынан айырылу қаупі. Алдағы уақытта үйрену, қайта үйрену және шешім үшін жауапкершілік алу қабілеті аса маңызды болады. Негізгі сынақ адамның өзінде, – дейді А.Забирова.
Маманның пікірінше, технологиялық төңкеріс ЖИ-ге сынақ емес, негізгі сынақ адамның өзінде дейді. Бұл заманына қарай адамы немесе адамына қарай заманы деген жалпыадамзаттық мәңгілік сауалға ұқсайды десек болады. Дегенмен еліміз үшін бұл сынақ тек ғылыми фантазия емес, адам капиталын дамыту бағытындағы стратегиялық міндет. Мемлекет осы бағытта цифрлық сауаттылықты арттыру, білім беру жүйесін жаңарту және кәсіби даярлық бағдарламаларын дамыту арқылы әр азаматтың ЖИ мүмкіндіктерін тиімді пайдалуына мән береді. Сонымен қатар жоғарыда айтқанымыздай, ауылдық елді мекендерге спутниктік интернет енгізу, нарыққа жаңа операторлардың шығуы және Direct-to-Cell технологиясының дамуы елдің барлық тұрғындарына заманауи байланыс құралдарына қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Қазірдің өзінде Astana Hub технопаркі Industrial AI Accelerator бағдарламасы аясында тау-кен өндірісі, энергетика, медицина, қаржы технологиялары және мемлекеттік қызметтер салаларында жасанды интеллектіні енгізуде 27 қанатқақты жобаны іске қосты. Ал адам капиталын дамыту мақсатында министрлік алдағы 5 жылда 1 млн адамды жасанды интеллектімен жұмыс істеу дағдыларына үйретуді жоспарлап отыр. Бұл бағытта Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылып, онда білім беру, зерттеу, стартаптарды қолдау бағытындағы жобалар жүзеге асырылады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Astana Hub-пен бірлесіп, еліміздің азаматтарын цифрлық болашаққа дайындауға маңызды қадамдар жасап жатыр.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ