BBC News-та жарияланған материалға сүйенген Aikyn.kz Pandora-ның күмістен бас тартып, платинаға көшу себебін баяндайды.
Әлемдегі ең ірі зергерлік брендтердің бірі Pandora күміс бағасының шарықтауына байланысты кейбір өнімдерінде платинамен қаптауға көшетінін мәлімдеді. Компания бұл қадамды баға тұрақсыздығының тәуекелін азайту үшін жасады.
Pandora бас директоры Берта де Паблос-Барбьердің айтуынша, мақсат – барлық әшекейлерді платинамен қаптау емес. Компания өнімдерінің күміс үлесі шамамен 20%-ға қысқартылады. Қазіргі таңда дат компаниясының зергерлік бұйымдарының басым бөлігі күмістен жасалады, ал бизнестің 60%-ы осы металға тәуелді.
Соңғы бір жылда күміс бағасы екі еседен астам қымбаттаған, алтын сияқты өзге де бағалы металдар да айтарлықтай өскен. Осы себепті Pandora платинаны таза күйінде емес, арнайы қорытпа үстіне қаптау тәсілін қолданбақ. Компанияның айтуынша бұл әдіс өнімнің өзіндік құнын арттырмайды, яғни тұтынушы үшін баға өзгермейді.
Зергерлік өнер тарихшысы Вивьенна Беккер платинаның «элиталық бейнесі» бар екенін айтып, тұтынушылар бұйымды бағалы деп қабылдайтынын атап өтті. Оның пікірінше, алтын бағасының өсуінен кейін ақ түсті металдарға сұраныс артқан, ал Pandora-ның бұл шешімі – жоғары сегменттегі клиенттерге бағытталған «ақылды маркетинг».
Компания дерегі бойынша тұтынушылар платинаны ақ алтыннан кейінгі ең бағалы ақ металл ретінде қабылдайды. Алғашқы кезеңде Pandora ең көп сатылатын білезіктерінің платинамен қапталған нұсқаларын солтүстік Еуропаның 30 дүкенінде және онлайн ұсынбақ. Жаһандық іске қосу 2026 жылдың екінші жартысына жоспарланған. Ал платинаға толық көшу үдерісі 2028 жылға дейін аяқталуы тиіс.
Сарапшылардың айтуынша күміс пен алтын бағасының өсуі геосаяси тұрақсыздық пен экономикалық құбылмалылық кезеңінде инвесторлардың «қауіпсіз активтерге» бет бұруымен байланысты. Ал күміс электроника, медицина, күн панельдері мен батарея өндірісінде кең қолданылатындықтан, оның бағасы әлемдік экономиканың қарқынына тікелей тәуелді.