700-ден астам жас сарбаз жауынгерлік қызметке кірісті

Заң мен тәртіп: елордада Ұлттық ұланның 700-ден астам сарбазы алғаш рет жауынгерлік қызметке кірісті.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 5573 әскери бөлімінің 700-ден астам жас сарбазы Астана қаласының тыныштығын қамтамасыз ету жолында өз қызметтерін бастады. Олар бас қаламыздың барлық алты ауданында кешкі сағат 17:00-ден түнгі 23:00-ге дейін қоғамдық тәртіпті бақылауда ұстайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қызметке кіріспес бұрын ұландықтар екі айлық жауынгерлік дайындықтан өтіп, әскери тәртіптің негіздерін меңгерді. Олар қалалық ортадағы қызметтің ерекшеліктерімен танысып, төтенше жағдайларда жылдам шешім қабылдауды үйренді. 

Сонымен қатар дайындық барысында тұрғындармен мәдени қарым-қатынас орнатуға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық орындардағы тәртіпті бақылауға ерекше мән берілді.

– Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – үлкен жауапкершілік. Алғашқы патруль кезінде қобалжыдым, бірақ осыған дейінгі өткен дайындық өз нәтижесін көрсетті. Бізге артылған сенімді ақтауға бар күшімді саламын, – деді қатардағы Думан Дінмұхамедұлы.

Айта кетейік, өткен 2025 жылы жауынгерлік қызмет аясында 1 200-ден астам  міндет орындалды. Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында  әскери жасақтар Астана қаласы Полиция департаментіне 5 000-ға жуық құқық бұзушыны жеткізді. Оның ішінде 4 800-ден астамы әкімшілік тәртіп бұзғандар, ал 61 адам қылмыс белгілері бойынша ұсталған.

Жауынгерлік қызмет нәтижесінде 3 ұрлық, 56 есірткі заттарын заңсыз сақтау дерегі, 1 факт  денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және  қару мен оқ-дәріні заңсыз сақтағаны және өзімен бірге алып жүргені үшін 1 адам ұсталды.

Қазіргі уақытта ұландықтардың елдегі қоғамдық тәртіпті сақтаудағы және азаматтардың тыныштығын қорғау жолындағы қызметінің маңызы артып келеді. Ұлттық ұлан қатарын кеше ғана толықтырған жас сарбаздар жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруға дайын.