«Жансақтау бөлімінде жатыр»: тараздық ана өзінің екі сәбиін де бесінші қабаттың терезесінен лақтырып жіберген

Тараз қаласында жантүршігердік оқиға болды.

Әйел адам екі кәмелетке толмаған баласын көпқабатты үйдің бесінші қабатындағы терезеден лақтырып жіберген, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Оқиға Төле би даңғылы бойындағы жатақханалардың бірінде болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, 36 жастағы әйел 2021 жылы туған қызын және 2023 жылы туған ұлын терезеден сыртқа итерген.

Балалар тірі қалып, жедел түрде Жамбыл облыстық көпсалалы балалар ауруханасына жеткізілді. Қазіргі уақытта олар жансақтау бөлімінде дәрігерлердің бақылауында жатыр.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Құзырлы органдар барлық қажетті тергеу әрекетін жүргізіп жатыр.

Тараз қаласының полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, тергеу нәтижесі бойынша процессуалдық шешім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданады. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.