Қағазда бар, кранда жоқ...

Ақмола облысының атқамінерлері өткен жылдың соңында-ақ халықтың толықтай жүз пайыз таза ауызсумен қамтылғанын хабарлаған.

Дегенмен бұл іс мінсіз болмай шықты, әлі де краннан аққан су іше алмай отырған жұрт бар. Шалғайда жатқан ауылдарды айтпағанда, облыс орталығы Көкшетаудың өзінде жағдай бәз-баяғыдай. Түйткілді мәселе талай мінберде көтерілгенімен, су сапасының жақсармауы шымбайға батып тұр.

Аса бір парадоксті жағдай, былтыр тамызда облыс орталығында он бес жылдан астам уақыт бойы салынған жаңа су тазарту кешені облыс әкімі мен басқа да құзырлы сала басшыларының қатысуымен іске қосылды. Бірақ жұрт са­ры­­ла күткен ауызсудан әлі ауыз тимепті. Түйт­­кілді мәселе «AMANAT» партиясы фи­лиа­лында өткен кезекті жиында тағы бір мәрте ашық көтерілді. Су сапасының әлі де болса талапқа сай келмейтінін «Көк­ше­тау Су Арнасы» комму­налдық кә­сіп­ор­нының бас директоры Юрий Шенгальцтың өзі мойындады. Оның айтуын­ша, тазарту кешенінің өзінде әлі күнге іске қосу-баптау жұмысы жалғасып жатыр. 

«Реагенттерді іріктеу, олардың доза­сын анықтау – аса ұзақ процесс. Ал көк­темгі тасқын келгенде судың бастапқы сапасы одан әрі нашарлайтыны тағы рас. Демек, реагенттер құрамы өзгереді. Бұған қоса, мамандарды оқыту керек. Содан кейін ғана нысан құрылыс бөлімі тара­пынан теңгерімге беріледі. Бірақ мә­с­еле мұнымен де бітпейді. Бірден ха­­лық таза суға қарық болады деп айта алмаймын. Өйткені ша­һардағы құбыр желілерінің басым бөлі­гіне 60 жылдан асып кеткен. Әбден тозған ма­гистралды және үй ішіндегі құбырлар әрине судың сапасына кері әсерін тигізеді», – дейді Юрий Шенгальц. 

Компанияның дерегінше, Көкше­таудың өзінде су құбырларының 48,4 пайы­зының әбден тозығы жеткен. Тек былтырдың өзінде 500-ден астам құбыр жарылып, 52 апатты оқиға болған. Яғни, аптасына кемінде бір рет құбыр жарылғанын айғақтайды. Бұл – қала жұрты үшін қалыпты жағдайға айналып кеткен техногендік дағдарыс екені сөзсіз.

Шаһардағы ауызсудың сапасы сын көтермейтінін облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық қадаға­лау департаменті де ашық мойындады. Ведомствоның зерттеп-зерделеп шыққан мәліметіне жүгінсек, ауызсуға жүргізілген микробиологиялық сынамалардың 11,8 пайызы талапқа сай емес болып шық­­қан. Ал жалпы қаттылық, құрғақ қалдық, хлоридтер, темір және лайлылық көрсеткіштері бойынша алынған сын­а­­малардың 69 пайызы санитарлық тиісті нормадан өтпей қалған. 

Бұл – қаладағы тұтас халық қол­данып отырған судың талапқа сай емес­тігін білдіретін статистика. Өкін­ішке қарай, бұл жағдай тек Көкше­таумен ғана шек­телмейді. Облыстың бірнеше ауданындағы ахуал да көңіл көнші­терлік емес. Санитарлық-эпи­де­мио­ло­гиялық қадағалау департа­мен­тінің жүргізген сарап­тамасы өңірдегі ауызсу са­п­асын жақсартуға әлі көп жұ­мыстың қа­жеттігін көрсетті. Мә­се­лен, былтыр жүр­­гі­зілген микробио­ло­­гиялық көрсет­кіш­тер бойынша Егіндікөл ауданындағы ауызсуға жаса­лған сынаманың үштен бір бөлігі тиісті нормаға сәйкес келме­ген. Жарқайың ауданында бұл көрсеткіш 23 пайыз болса, Біржан сал ауданында 19,3 пайызға жеткен. 

Санитарлық-химиялық көр­сет­кіштер бойынша сынақтан Бурабай, Арша­лы, Ерейментау және Есіл аудандары да өте алмаған. Облыс­тық Санитарлық-эпи­демиологиялық қадағалау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Сәдуа­қасованың айтуынша, басты мәселе бақылаудың жоқтығынан болып отыр. 

«Өңірдің 619 сумен қамту нысаны­ның ішінде міндетті санитарлық-эпи­де­ми­ологиялық қорытынды тек 108-де ғана бар. Қалғанында не санитарлық талаптарға сәйкес келмейді, яки мүлде иесіз күйде қалған. Мәселен, тек бір ғана Зеренді ауданында 33 бірдей су құбырлары мүлде теңгерім иесінсіз қалса, Бұланды ауданында мұндай құ­бырлар 25-ке жеткен. Ал егер су құ­быр­ларының иесі болмаса, оның жұ­мыс сапасын тексеру мүмкін емес. Өйт­кені санитарлық дәрігерлердің оған ешқандай өкілеттілігі жоқ», – дейді Сәуле Сәдуақасова. 

Департамент мәліметінше, нысан­дардың 74 пайызында міндетті өзін-өзі бақылау, яғни судың сапасын өз бетінше тексеру жүргізілмеген. Су құ­бырлары дер кезінде жуылмай, дезин­фекцияланбаған күйде қалған. Сондай-ақ апаттық жағ­дай­ларды жою жоспары да тек қағаз жүз­і­­н­де ғана бар болып шықты. Бұған өңірдегі тозған желілерді қоссаңыз, Ақ­моладағы ауызсудың сапасы қанағат­танарлық деңгейден де әлдеқашан алыстап кеткені айқын көрінеді.

Дегенмен жергілікті биліктің де мә­се­лені кезең-кезеңімен шешуге тырысып жат­­қ­анын жоққа шығаруға бол­майды. «Көкшетау Су Арнасы» коммуналдық кәсіпорнының жоспарлау-техникалық бөлімінің басшысы Әсел Сәрсембинаның мәліметінше, тек былтыр ғана облыс орталығында 3 596 метр апаттық жағдайға жеткен су құбырлары ауыстырылып, 37 дана жапқыш-реттегіш арматуралар жаңа­ртылған. Орталықтандырылған су құбыры желілеріне қоса отырып, жерасты суларын зерттеу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Жаңа­­дан қазылған ұңғымалардан 500 текше су Көкшетаудың Юбилейный ауданы тұрғындарын толықтай қамтамасыз етпек. 

Мұнымен қоса, Юрий Шенгальцтың айтуынша, Көкшетау қаласының құрылыс бөлімі тағы cу құбыры мен су бұру желілерін қайта жаңғыртуға бағытталған 17 жобаны әзірлеп жатыр. Олардың қатарында қала­лық су құбырының тоғыз учаскесі, сондай-­ақ әбден тозығы жеткен кәріз кол­лекторлары мен желілері бар. Алайда бұл жобалардың барлығы келесі жылы іске аса ма деген сұраққа бас директор «бәрі бөлінетін қаржыға байланысты» деп жауап берді.

«Көкшетау Су Арнасы» басшысының мәліметінше, қазір коммуналдық кәсіп­орын мұндай ірі жөндеу жұмыстарын қар­жыландыру тұрмақ, аса үлкен шығынға белшесінен батып отыр. Халыққа берілетін төмен тарифтер қажетті материалдарды сатып алуға да, қызметкерлердің жалақы­сын көтеруге де жетпейді. Салдарынан су құбырларында жиі апаттар болып, кәсіби кадрлар қасқалдақтың қанынан қат болып қалған.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы