Цифрлық дербес деректерді қорғау мәселесі конституциялық деңгейде бекітіліп, айқындалуы керек – Президент

Цифрлық трансформация кезеңінде, ең алдымен, жеке адамның мүддесіне нұқсан келуі мүмкін. Осы ретте Президент дербес деректердің сенімді қорғалуын қамтамасыз етуге айрықша назар аудару керек екенін айтты.

Сапалы цифрлық даму үдерісін жеке сектормен тығыз байланыста қараған жөн. Үкімет бизнес саласына цифрлық тәсілдерді белсенді түрде енгізуге мүмкіндік беретін арнайы қолдау шараларын әзірлеуге тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Қазір мемлекет көрсететін қызметтерді цифрландыру, мемлекеттік базаларды өзара кіріктіру жұмысы жүріп жатыр. Бірақ мұның бәрі мәліметтерді басқару ісінің сапасын жақсарта алмай отыр. Әзірге оң өзгерістер көрінбейді. Бірыңғай стандарт енгізіп, мәліметтерді мемлекеттің стратегиялық ресурсы ретінде басқаруға көшу өте маңызды. 

Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен, сондай-ақ Ұлттық банкпен бірлесіп жыл соңына дейін мемлекеттік мәліметтерді басқарудың біртұтас жүйесін құруды тапсырамын. 

Соңғы кезде мемлекеттік цифрлық жүйелердің жұмысынан ақау шығып жүр. Бұл қазіргі ІТ тәсілдердің технологиялық жағынан ескіргенін және басқару сапасының төмендігін көрсетеді. 

Мұндай олқылықтар мемлекеттің бизнес өкілдерімен және азаматтармен қарым-қатынасына кері әсерін тигізеді. Сондай-ақ тиімді цифрлық орта қалыптастыру жұмысын тежейді. 

Цифрлық өзгерістің бәрі QazTech платформасының негізінде жасалуға тиіс. 

Үкіметке бірыңғай цифрлық платформаға көшуге тура келеді. Бұл – маңызды міндет. 

Бұған дейін ведомстволардың бәрі цифрландырумен ешқандай бақылаусыз, өз бетінше айналысып келді. Бұл техникалық проблемаларды көбейтіп қоймай, қазына қаржысын оңды-солды шашуға әкеп соқты. 

Бас прокуратурада өткен жиында Үкімет мүшелері шашыраңқы жүйелердің басын біріктіруге қанша қаржы қажет екенін жария етті. Басын ашып айтайын, мұндай ақша жұмсалуы мүмкін емес. 

Ел аузында жүрген бір құрылысшы-шенеунік айтқандай, ақшасы болса, ғимаратты ақымақ та салады, ал осы міндетті қаржысыз шешуге шеберлік қажет. Ал шеберліктеріңізді көрсетіңіздер. Үкімет бюджеттен қыруар қаражат шығындамай, тапсырманы орындаудың жоспарын ұсынуға тиіс»,  деді Президент.

Цифрлық трансформация кезеңінде, ең алдымен, жеке адамның мүддесіне нұқсан келуі мүмкін. Осы ретте Президент дербес деректердің сенімді қорғалуын қамтамасыз етуге айрықша назар аудару керек екенін айтты.

«Дербес деректердің тарап кетуі, онлайн-алаяқтық, жасанды интеллектіні қылмыс құралы ретінде пайдалану – мұның бәрі біздің елде де, шетелде де қалыпты жағдайға айналды. 

Біз Қаржылық мониторинг агенттігі мен басқа да құқық қорғау органдарын жұмылдырып, киберқылмыспен және алаяқтықпен күресу үшін нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Ұлттық антифрод-орталығы 90 мың азаматты алаяқтардың арбауынан сақтап қалды. 

Үкіметке тиісті мекемелермен бірге киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың деректерін қорғау мәселесін кешенді түрде мұқият саралап, қарауды тапсырамын. 

Бұдан бөлек, жақында Ұлттық құрылтайда атап өткенімдей, цифрлық дербес деректерді қорғау мәселесі конституциялық деңгейде бекітіліп, айқындалуы керек»,  деп атап өтті Мемлекет басшысы.