Күннен-күнге қат болып қана қоймай табудың өзі мұң болып бара жатқан медициналық бетпердені заңсыз саудалау арқылы пайдаға батқысы келетіндер қатары азаяр емес. Сондайлардың бірінің қораптарға салып, жөнелтуге дайындап қойған 500 мың дана бетпердесін Талдықорған қаласы бойынша өз міндеттерін атқарып жүрген «Боран-162» патрульдік экипажы тапты. Нақтырақ айтқанда, облыс орталығындағы жеке үйлердің бірінің ауласында тұрған 250 қораптан күдіктенген тәртіп сақшылары оларды ашқанда, қаттап салынған медициналық бетперделерді көреді. Санау барысында олардың әрқайсысында 2000 данадан бетперде салынғанын анықтайды. Осылайша, буылып, түйіліп, басқа жаққа жөнелтуге дайындалған жүк полицияның қырағылығы арқасында қалада қалды. «Оқиға орнына дереу жеткен жедел-тергеу тобы қылмыстық қадамға күдікті ретінде еш жерде жұмыс жасамайтын 1960 жылғы азамат ұсталды. Заңсыздық дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлайды Алматы облыстық ПД баспасөз қызметі. Қазіргі кезде алдын ала тергеу жүргізілуде. Тергеу барысында күдіктінің медициналық бетперделерді қайдан алғаны, медициналық заттардың кімге тиесілі екені және қайда тасымалданбақ болғаны анықталады.
Болат Абаған, Алматы облысы.