Астанада Кеңес Дүйсекеевтің шығармашылығына арналған музыкалық кеш өтті

Аталған іс-шара композитордың 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып, республикалық деңгейде өткізілетін алғашқы іс-шаралардың бірі саналады.

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында танымал композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Кеңес Дүйсекеевтің шығармашылығына арналған «Сәлем саған, туған ел» атты музыкалық кеш өтті.

Кеңес Дүйсекеев - қазақ музыка өнерінің алтын қорына енген бірегей туындылардың авторы, ұлттық рух пен заманауи әуенді шебер ұштастырған көрнекті композитор. Оның шығармашылық мұрасында «Толғау» симфониясы, «Жалаңтөс батыр» симфониялық поэма-картинасы, «О, дүние» кантатасы, «Жыл мезгілдері» романстар циклі, сондай-ақ «Жан әке», «Асыл ана», «Туған жер», «Дастархан», «Достар-ай» және т.б. кеңінен танымал музыкалық шығармалары бар. Сонымен қатар композитор «Мәди», «Аққу Жібек» мюзиклдерінің, «Алдар көсе» опереттасы, симфония-концерт пен түрлі аспаптарға арналған концерт, камералық оркестрге арналған шығармалар мен 200-ден астам әннің авторы.

Аталған кешке композитордың жары Баян Дүйсекеевa мен ұлы Нұркен Дүйсекеев арнайы қонақ ретінде қатысты.