29 жастағы жігіт жылу электр орталығының сорғысын жөндеу кезінде шамамен 8 метрден омақаса құлаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Кәсіпорынның баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 11 ақпан күні болған. Зардап шеккен адам бірден жедел жәрдем көлігімен Степногор қалалық ауруханасына жеткізілген.
Оқыс жағдай жөнінде Ақмола облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті ресми түсініктеме берді.
– 2026 жылғы 11 ақпанда Степногор қаласында Промышленная зона 6, 151-кешен мекенжайында орналасқан «Степногорская ЖЭО» ЖШС аумағында жазатайым оқиға тіркелді. Жөндеу жөніндегі слесарь №4 айналым сорғысын бөлшектеу барысында монтаждық саңылау арқылы төменге құлап кеткен. Оқиға бойынша Ақмола облыстық Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментімен арнайы тергеп-тексеру тағайындалып, жүргізілетін болады, – деді Ақмола облыстық еңбек инспекциясынан.
Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 29 жастағы жігіт 11 ақпан күні күндізгі сағат 15.45-те 1996 жылы туған науқас бас айналу, бас ауруы, жалпы әлсіздік және есінен тану шағымдарымен ауруханаға түскен. Ер адам 6-8 метр биіктіктен құлап кеткен.
Өкпеге компьютерлік томография жасалды. Сол жақтағы 5-8-қабырғалардың сынуы, өкпенің семуі анықталды. Пункция жасалып, бюлау әдісі бойынша дренаж жүргізіліп, ауа шығарылды. Науқастың жағдайы тұрақты орташа ауырлықта, – деп түсіндірді дәрігерлер.
Қазіргі уақыта Степногор қаласының полиция қызметкерлері болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін барлық қажетті шараларды жүргізіп жатыр.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы 26 тамызда Степногор ЖЭО-сында монтаж жұмыстары кезінде бір жұмысшы қаза тауып, тағы үшеуі зардап шеккен болатын.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы