Білім саласындағы шығындар азаяды: Министр маңызды мәлімдеме жасады

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмалары талқыланды.

Сала басшысы Жұлдыз Сүлейменова өңірлік білім басқармалары мен аумақтық сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің басшыларымен онлайн форматта кездесу өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмалары талқыланды. Атап айтқанда, білім саласындағы бюджет қаражатын үнемдеу жөніндегі тапсырмаға сәйкес министрлік шығындарды оңтайландыру жұмыстарын бастады.

Енді білім беру саласының ресурстары формалды іс-шараларға емес, нақты сапаны арттыруға бағытталады. Осыған байланысты есеп үшін ғана ұйымдастырылатын форумдар мен жиындардың саны қысқартылады. Республикалық және өңірлік іс-шаралар тізіміне қатаң ревизия жүргізіліп, тек білім мазмұнын байытуға нақты үлес қосатын жобалар ғана мемлекеттік қолдауға ие болады.

Сонымен қатар кездесуде өңірлердегі кризистік менеджмент сапасы мен бала қауіпсіздігі мәселелері министрліктің тұрақты бақылауында екені атап өтілді.

Министр мектептердегі техникалық қауіпсіздік, бейнебақылау жүйелері, күзет қызметі және оқушылар арасындағы психологиялық ахуал толық бақылауда болуы тиіс екенін тапсырды.

Өңірлік басқарма басшыларына жергілікті деңгейде жедел әрі батыл шешімдер қабылдау жүктелді. Сондай-ақ ата-аналармен тиімді кері байланыс орнату мектептегі қауіпсіздік экожүйесінің ажырамас бөлігі екені ескертілді.