Конституциялық комиссия мүшесі білім саласының мамандарымен кездесті

Қатысушылар Конституциялық комиссияның қызметі мен жаңартылған заңның басты ережелері жөнінде пікір алмасты.

Семей қаласында Alikhan Bokeikhan University алаңында Конституциялық комиссия мүшесі, Абай облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Мейрамхат Айнабековтің қатысуымен кездесу өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Кездесудің басты тақырыбы – Негізгі заңның жаңа редакциясының жобасын әзірлеу жұмыстарының қорытындылары және алдағы республикалық референдумның ел дамуы үшін маңызы.

Alikhan Bokeikhan University-де Конституциялық комиссия мүшесі, Абай облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Мейрамхат Айнабековтің университеттің профессор-оқытушылар құрамымен кездесуі өтті. Іс-шара барысында жаңа Конституция жобасын дайындау бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері қорытындыланып, алдағы референдумның ел үшін маңызы талқыланды. 

Диалог аясында комиссия жұмысының негізгі нәтижелері таныстырылып, Конституция жобасындағы тұжырымдамалық өзгерістер қарастырылды және конституциялық реформа мәселелері бойынша байыпты қоғамдық ұстанымды қалыптастыруда академиялық қауымдастықтың рөлі атап өтілді.

Alikhan Bokeikhan University-дің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Айрат Базенов жаңа Конституция мәтінін талқылау барысында азаматтық белсенділіктің жоғары деңгейін атап өтті.

– Конституциялық комиссияның атына e-otinish және eGov порталдары арқылы 10 мыңнан астам өтініш пен ұсыныс келіп түсті. Олардың барлығы жан-жақты қаралды. Атқарылған жұмыстың қорытындысы ретінде Мемлекет басшысының Жарлығымен 15 наурызға белгіленген референдум өтеді. Бүгінгі кездесуге жобаны әзірлеуге тікелей қатысқан Конституциялық комиссия мүшесі, Абай облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Мейрамхат Айнабеков қатысып отыр, – деп атап өтті Айрат Базенов.

Мейрамхат Айнабеков комиссия қызметі азаматтардан түскен бастамалар негізінде құрылғанын жеткізді.

– Конституцияны жаңарту жөніндегі барлық ұсыныстар комиссия отырыстарында қаралды, талқылаулар ашық түрде, соның ішінде онлайн форматта өтті. Ауқымды әрі қарқынды жұмыс жүргізілді: қолданыстағы Конституцияның 80 пайыздан астам ережесі жаңартылды. Осыған байланысты Негізгі заңның жаңа редакциясын қабылдау мәселесін референдумға шығару туралы шешім қабылданды. Комиссия құрамына 130 адам – қоғам қайраткерлері, ғалымдар, заңгерлер, депутаттар енді. Маңызды жаңашылдық қатарында бір палаталы Парламент – Құрылтайды қалыптастыру бар. Жұмыс нәтижесінде жаңа Конституция жобасы Президентке ұсынылды, – деді ол. 

Университет ректоры Александр Койчубаев ұсынылған жаңа Конституция  стратегиялық маңызы бар шешімдерді қабылдауда халықтың рөлін күшейтуге бағытталғанын атап өтті.

– 15 наурызда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша референдум өтеді. Бұл – бүкіл Қазақстан үшін және азаматтық қоғамның дамуы үшін маңызды оқиға. Швейцария секілді бірқатар мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, азаматтардың негізгі мәселелерді шешуге кеңінен қатысуы орнықты дамуға ықпал етеді. Конституцияның жаңа редакциясында билік ресурстарын қайта бөлу қарастырылған, өңірлердің мүмкіндіктері кеңейтіледі. Бұл – қоғамдық қатысу қағидаттарына негізделген мемлекеттік жүйені дамытудың сапалы жаңа кезеңі. Жаһандық тұрақсыздық жағдайында Конституцияның басымдығын нығайту айрықша маңызға ие, – деді ректор.

Кездесу соңында қатысушылар жоба ережелерінің жекелеген тұстарын талқылап, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.