Жиын барысында қатысушылар Қазақстан Республикасының Конституциясының жаңа редакциясының жобасын талқылап, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Конституциялық өзгерістер елдің саяси жүйесін жаңғыртуға, мемлекеттік басқаруды жетілдіруге және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға бағытталған маңызды бастама екені атап өтілді.
Сондай-ақ «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының Махамбет ауданы бойынша орындалу барысы қаралды. Аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымды жақсарту, жұмыспен қамту және халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы негізгі мәселелерге тоқталды.
Ауданда Жол картасы аясында жоспарланған 36 іс-шараның 35-і орындалған. Бұл – сайлауалды кезеңде партияның халыққа берген уәделерінің басым бөлігі нақты іске асқанын көрсетеді. Жалпы, Жол картасының орындалуы өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.
– Қазір партияның 13 жобасы бар. Соның ішінде «Ауыл аманаты» мен «Жер аманаты» жобалары ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға арналған. Аудандағы өзекті мәселелердің негізгі бөлігі осы партиялық жобалар аясында қамтылған. Сондықтан құзырлы мемлекеттік органдар партиямен бірлесіп, жүйелі әрі тиімді жұмыс жүргізген жағдайда бұл міндеттер кезең-кезеңімен шешімін табады деп сенемін, – деді Бейбіт Темірбекұлы.
Сонымен қатар облыстық филиал төрағасы ауданда «Жер аманаты» жобасы арқылы игерілмей жатқан жерлерді ел игілігіне қайтарып, ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында сол жерлерді тиімді пайдалану арқылы егін шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік мол екендігін айтты.
Аталған жұмыстардың барлығы «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің Атырау облысына жұмыс сапары барысында берген нақты тапсырмаларының аясында жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта махамбеттік тұрғындардың өзекті мәселелерін тыңдау мақсатында көшпелі қоғамдық қабылдау өткізу жоспарлануда.
Фракция отырысы аудандағы маңызды мәселелерді жүйелі түрде талқылауға және алдағы жұмыстардың нақты бағытын айқындауға мүмкіндік берді. Сайлауалды бағдарлама мен партиялық жобалардың нәтижелі жүзеге асуы партия филиалының бақылауында болмақ.
Елнар ЕЛТАЙ