5 ақпанда 10-сынып оқушысы сыныптастарымен болған келіспеушіліктен кейін балта алып, оларды қуалаған. Екі оқушы жеңіл жарақат алып, медициналық көмекке жүгінді. Жасөспірім кейін ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, материалдар Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның қарауына жіберілді. Қылмыстық іс жүріп жатқанына қарамастан, оқушы сабаққа қайта қосылып отыр.
Бұл бірсәттік эмоцияның салдары ма, әлде жүйелі мәселелердің көрінісі ме? Құлсарыдағы жағдай мектеп қауіпсіздігі, жасөспірім психологиясы, буллинг және ата-ана жауапкершілігі тақырыптарын қайта күн тәртібіне шығарып отыр.
Психологиялық қысым және буллинг
Оқиғадан кейін оқушының анасы Мәншүк Жиенбетова әлеуметтік желіде үндеу жасап, ұлының ұзақ уақыт бойы қатарластары тарапынан қысым көргенін айтты.
Мәншүк Жиенбетованың айтуынша, оқиға болған күні ұлы Құлсары қаласындағы №6 Пушкин атындағы мектепте сабақта отырған. Сол кезде оған төрт жасөспірім келіп, дәретханаға шақырған. Анасының сөзінше, олар сол жерде сөйлесіп, мәселені «шешпек» болған. Төрт адамның ортасында жалғыз қалған жасөспірім өзін қорғай алмай, балта тауып алып, оларды қуа жөнелген. Соның салдарынан төтенше жағдай туындаған.
Ол сондай-ақ ұлы былтырғы күздің өзінде-ақ қысым көріп жүргенін айтып, өзін басқа мектепке ауыстыруды сұрағанын жеткізді. Алайда ата-анасы оны оқу жылын осы мектепте аяқтауға көндірген. Анасының айтуынша, сол кезде баласы жағдай ушығуы мүмкін екенін ескерткен. Оның пікірінше, сол уақыттан бастап оған қысым күшейген.
Отбасы аталған төрт жасөспірімге қатысты арыз бермеген. Сонымен бірге ол №6 мектеп директорының қызметінен босатылмауын сұрап, бұл жағдай оқу орны басшылығының әрекетімен байланысты емес екенін атап өтті. Оның сөзінше, оқиға кезінде ұлы сабақта болған және ешкімді арандатпаған.
Сарапшылардың айтуынша, мектептегі буллинг – Қазақстандағы өзекті мәселелердің бірі. Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бұрынғы зерттеулерінде қазақстандық оқушылардың едәуір бөлігі мектепте кемінде бір рет буллингке ұшырағаны айтылады. Білім саласы мамандары соңғы жылдары кибербуллингтің де көбейгенін атап өтеді: әлеуметтік желідегі қысым мен мазақтау жасөспірім психикасына тікелей әсер етеді.
Отбасылық психолог Айгерім Талғатқызының пікірінше, оқушының агрессиясы жиналған ішкі күйзелістің сыртқа шығуы.
«Бала өзін қорғансыз сезінсе, үнемі мазаққа ұшыраса немесе қолдау таппаса, агрессия қорғанудың жалғыз тәсіліне айналуы мүмкін. Мұндай жағдайда тек жазалау емес, кәсіби психологиялық көмек қажет», – дейді маман.
Оның айтуынша, буллингке ұшыраған балалар көбіне үндемейді. «Тәртіпсіз» немесе «шағымшыл» атанудан қорқуы, қатарластарының қысымы жағдайды ушықтыра түседі.
Мектеп қауіпсіздігі: формалды ма, әлде нақты ма?
Атырау облысы білім басқармасының басшысы Марат Абуовтың мәліметінше, мектепте лицензияланған күзет, бейнебақылау камералары болған. Алайда оқиға үзіліс кезінде болып, жасөспірім сөмкесіне салған затпен мектепке кіріп кеткен.
«Оқиғадан кейін мектеп директорына сөгіс жарияланып, ол қызметінен кетті. Арнайы комиссия құрылып, облыстағы мектептердің қауіпсіздік жүйесі тексерілуде», – деді спикер.
Қазір Жылыой ауданында да профилактикалық іс-шаралар күшейтілуде. 9-11-сынып оқушыларына заң талаптары, құқықтық жауапкершілік, мінез-құлық мәдениеті туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Полиция, әкімдік және мектеп басшылығы бірлесіп, турникеттегі күзетшілердің жұмысын, жабдықтардың жарамдылығын және тыйым салынған заттарды анықтау тәртібін тексеріп жатыр.
Қылмыстық іс жүріп жатқанына қарамастан, мектепте сабағын жалғастырып жатқан оқушыдан басқа ата-аналар қауіптеніп отыр. «Біз қорқамыз. Ол мектепте жоғары сыныппен бірге, бастауыштың да балалары оқиды. Жазатайым жағдай болып, балаларымыз зардап шексе қайтеміз? Ол бала оқуын алаңсыз жалғастыра беретін болса, біз өз балаларымызды мектепке жібермейміз. Демек, басқа балалар енді «бұзақылық жасай беруге болады, біздің орнымызға директор жұмыстан кетеді» деген ойда болуы мүмкін. Директорды жұмыстан қуумен біз мектептегі буллинг мәселесін шешкен жоқпыз», – дейді ата-ана Елена Сарбалина.
Статистика не дейді?
Атырау облысында оқушылар арасындағы құқықбұзушылық көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырғанда 80 пайызға артқан. Бұл басқа емес, Атырау облысы білім беру басқармасының басшысы Марат Абуовтың сөзі. «Түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз жүрген жасөспірімдер саны көбейген», – дейді спикер.
Республика көлемінде де жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық мәселесі алаңдатарлық. Сарапшылар мұны әлеуметтік желінің ықпалы, отбасындағы бақылаудың әлсіреуі және мектептегі тәрбие жұмысының формалды сипат алуымен байланыстырады.
Қазір оқиғаға қатысы бар жасөспірім ата-анасының бақылауында. Тергеу жалғасып жатыр. Бірақ қоғамды толғандырған негізгі сұрақ – мұндай жағдайды болдырмау үшін не істеу керек?
«Сол үшін ең алдымен мектеп психологтарының жүктемесін азайтып, нақты профилактикалық жұмыс жүргізуге мән беру керек. Буллингке қарсы бірыңғай ұлттық бағдарлама қабылдау, ата-аналарға арналған тұрақты психологиялық ағарту жұмыстарын күшейту маңызды. Мектеп қауіпсіздігін формалды есеп үшін емес, нақты қауіптің алдын алу құралы ретінде қайта қарау маңызды», – дейді отбасылық психолог Айгерім Талғатқызы.
Қалай десек те, Құлсарыдағы оқиға – бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның мәселесі. Бұл жағдай жасөспірімдер арасындағы буллингті, психологиялық қолдау жүйесін және мектеп қауіпсіздігін түбегейлі қайта қарау қажет екенін көрсетті.
Егер біз агрессияның себебін жоймай, тек салдарымен күресетін болсақ, мұндай жағдайлар қайталануы мүмкін. Ал қауіпсіз мектеп тек камера мен күзет емес, ең алдымен, баланың санасы қауіпсіз ортада қалыптасуы керек.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА