Тері өңдеудегі тоқырау

Елімізде шаруасы шатқаяқтап, тасы өрге домаламай, ісі бірізділікке түсе алмай, ақсап тұрған бір сала болса, ол – тері өңдеу бағыты. Тері өндірісі, тері жинау, алып-сату саласындағы қордаланған түйткілдер ұдайы көтеріліп келеді. Дегенмен көңіл көншітер өсім байқалмайды.

Ұлттық статистика бюро­сы­ның дерегінше, Қазақ­станда ірі қара малдан 2023 жылы – 2,54 млн, 2024 жылы 2,78 млн дана тері жиналған. Ал ұсақ малдан 2023 жылы – 7 млн данаға жуық, 2024 жылы 6,41 млн дана алын­ыпты. Ал 2025 жылы тері және теріден жасалған тауар­лар­дың өндіріс көлемі шамамен 16,9 млрд теңгені құраған. Бұл сектор жеңіл өнер­кәсіп өнімдерінің ішінде 10-15% шамасында үлес алады.

АШМ дерегінде 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жос­парда тері өңдеуші кәсіпор­ын­дарды шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында 200-ден астам мал терісін дайындайтын әрі жинай­тын пункт ашу және мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру қа­рас­тырылған. Одан бөлек, кеш­енді жоспар аясында теріні терең­дете өңдеу бойынша инвес­ти­ция­лық жобаларды жүзеге асыру көзделіпті. Жаңа кәсіпорындар салу, сондай-ақ жұмыс істеп тұр­ған­дарын жаңғырту, мал терілерін өңдеу кәсіпорындарының шығындарын өтеу шаралары да бар.

Әйтсе де, Қазақстан тері және жүн өңдеушілер қау­ым­дастығы­ның төрағасы Нұр­ман Нүптекеев тері өңдеу сала­сын­да ауыз толты­рып ай­татын жүйе­лі істің бол­мауы­на алаңдау­лы. Егер бұлай кете берсе, салада тоқырау бола­тын көрінеді. 

– Қазақстанда тері өңдеу са­ла­сы кейінгі он жылда кері кет­кен­­нің кебін киді. Ол, біріншіден, әлемдік нарықта сұраныстың тө­­мен­деуі мен бағаның құлды­рауы­­нан туындады. Негізгі сатып алу­­шы қытайдың тері өңдеу сала­сы кейінгі он жылда екі-үш есе төм­ен түсті. Көптеген зауыттар жа­былды. Сұраныс болмаған соң баға да 80-83%-ға кеміді. Өзін-өзі ақтамағаннан соң көп кәсіпкер банкрот болды, көп зауыттар жа­был­ды. Қазір тек сапалы, бәсекеге қабілетті өнім шығарған кәсіп­орын­дар ғана қалды. Осыдан он бес жыл бұрын Қазақстанда 19 зауыт болса, қазір содан 9 зауыт қана қалды, олардың көбісі шала­жансар күйде тұр. Осыдан-ақ тері өңдеу саласының қандай жағдай­да екенін көруге болады. Тері өңдеу өте күрделі сала, өте көп қа­ражатты талап етеді. Себебі қон­дыр­ғылары, химиялық қоспалары өте қымбат, – дейді сарапшы.

Маман тапшылығы байқалады

Салаға байланысты «Техноло­гия және жеңіл өнеркәсіп өнім­дерінің дизайны» мамандығы оқы­­тылады. Оның ішінде тері және былғары бұйымдарының тех­нологиясы, дизайны бағыты бойынша Атырау, Алматы және Тараздағы ғана жоғары оқу орын­дары ғана білім береді. Алайда тері өңдеу саласына баратын ма­ман­дардың аздығы, маманның жетіспеуі тері өндірушілер қауым­ын уайымдатады.

– Бұл саланы дамыту үшін мық­ты мамандар даярлаған ке­шен­­ді жоспар, мемлекеттік бағ­дар­лама керек. Тері шикізаты­ның сапасын жақсартудан бастап, соңғы өнім шығарғанға дейін қар­­жы­лай қолдап, мықты маман­дар­мен қамтамасыз еткен жөн. Ал қазір оның бәрі тапшы, бағдар­лама да жоқ, қаражатта жетпейді, маман да жоқ, маманды қойғанда жәй қарапайым жұмысшы да табу қиын. Қазір елімізде қалған тері зауыттары шикізатты жартылай өңдеп ақуыз, желатин, белкозинге жіберіп күн көреді. Себебі ІҚМ терісінің 75-80%-ның сапасы тек соған ғана жарап тұр. Сондықтан да бағасы өте арзан. Ал жақсы сападағы терілер шетел асып кетіп жатқан жайы бар. Жақында БАҚ беттерінде Қордай тері зауытында тері жоқ, жұмыс тұралап тұрғаны туралы материалдар тарады. Әйтпе­се, тері өңдеу біздің атакә­сі­біміз емес пе?! Ал бүгін бұл сала жетім қозының күнін кешіп кел­еді. Қытай, Түркия секілді алпа­у­ыт­тарды айтпағанда, Ресейге, тіп­ті Өзбекстанға жете алмай отыр­ған жайымыз бар. Үкіметте саланы білетін маман жоқ. Маман болмаған соң біздің жанайқайы­мызды ешкім түсінбейді, айтамыз, айтамыз, сол қалпында қала бер­еді, – дейді Н.Нүптекеев.

Абылайхан Мырзаев ұзақ жыл­дар бойы мал шаруашылығы, тері кәсіпшілігінде жұмыс істеп, зейнетке шыққан. Ол күндіз-түні мал бағып, оны кәдеге жаратып, терісін өткізіп, жүнін өңдеу оңай шаруа емес екенін айтады.

– Уағында колхоздың малын бақтық. Дербестік алғаннан кейін әркім өзінше өмір сүріп жатты. Біз сол атакәсіп, мал шаруашы­лы­ғында өмір бақи істеп бүгінде 72 жас­қа келдім. Қыстың суығы, жаз­дың ыстығында малмен айна­лысу оңай емес. Алғашқы жылда­ры теріні, жүнді базардағы алып­са­тарларға 200-300 теңгеге пұлдап жүрдік. Өйтпесең, тері бозданып, тез бұзылады немесе далада қалып ит пен құсқа жем болады. Баяғыда апа-әжелер жүн түтіп, ұршық иіріп, көрпе-жастық жасайтын. Қойдың терісін босаға төсеніш етіп, әйтеуір кәдеге асыратын. Алматыдағы «Жетісу» фабрикасы­нан шыққан неше түрлі былғары аяқ­киім, тон киіп жүретінбіз. Қа­зір мал сойылса, тері мен жүн аяқ­асты болып жатыр. Онымен тұрақты айналысып, істің көзін білетін адамдар да сиреді. Ізімізді басқан төрт түліктің жайын білетін, тері илеп, жүн түте алатын адам некен-саяқ. Атакәсіптен ада болып қалмасақ екен, – дейді зейнеткер. 

Қаржылай қолдауды күтеді

Ауыл шаруашылығы министр­лігінің дереккөздеріне сүйенсек, қазір Қазақстан аумағында тері өң­дейтін 9 кәсіпорын бар екен. Аталған өндіріс орындарының жылдық қуаты 3,3 млн дана ірі қара терісін, 4 млн ұсақ мал тері­сін өңдеуге қауқарлы көрінеді. Біз­дің елдің төрт түліктен алына­тын тері өнімдері шикізат күйінде Қытай, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, тіпті құрлық асып, Аф­риканың Нигерия еліне жөн­ел­тіледі. Ең көп сұранысқа ие қой мен сиыр терісі болып тұр.

Теріні жеткізумен айналыса­тын кәсіпкер Самат Сейілханұлы да бұл салаға мемлекет тарапынан барынша қолдау қажет деп санай­ды. Оның сөзінше, уағындағы тері алып-сатып, тіпті алыс-жақын шет­елдерге де жеткізіп жүрген адам­дардің бүгінде қарасы азай­ған. Өйткені теріні жинау, сақтау мен жол шығыны қалтаға ауырлық етіп отырған көрінеді.

– Тері өңдеу саласында еңбек ететін жандар мәселенің шешіл­генін қалап жүрміз. Түсінікті болу үшін нақтылай өтейін. Теріні елді­мекендерден жинап, кәсіпор­ын­дарға дейін жеткізу бір маша­қат. Мәселен, Қостайдан шыққан 20 тонна өнімді өзге өңірлерді зау­ыт­қа жеткізу үшін кемінде 600-700 мың теңге жол шығыны жұмсала­ды. Біз Шығыс және Солтүстік өңірлерден тері жинаймыз, зауыт­қа өткіземіз. Өз қаражатымызбен Ресейге де, тасымалдап жүрміз. Бірақ терілер тиісті орынға жет­пей­інше, олар ақша аудармайды. Кейінгі кездері Қытайға бүкіл әлем тері жеткізетін болып алған­дықтан, сапаға қойы­латын талап­ты да күшейтіп тастады. Теріні жинап тұздап, химиялық тазалау оңай емес. Қолдау жоқты­ғынан кө­бісі басқа салаға ойысты. Ал мал бор­дақылау, шаруа қожа­лық­тар­мен келісімшарт түзіп, жұ­мыс бір ізге түскен. Мұнда мәселе жеке­ле­ген адамдардың малды жөнді соймай, теріні тілім-тілім қылып не­месе гигеналық талап­тарды сақт­амау­ын­да болып тұр. Бір кез­дері тері өндірушілерге 5 пайыз­бен жеңіл­­детілген несие беріліп, 85 пай­ыз кепілдеме «Даму» қоры арқы­лы реттелетін дейтін ақпарат тарап еді. Ол да беймәлім күйде. Ал суб­си­диядан үмітімізді әлдеқа­шан үзгенбіз. Бізге тері өңдеу са­ла­сына ұлттық бірегей бағдарлама қажет деп білеміз, – деген ниетте кәсіп­кер.

Өндіріс орындары жанданатын көрінеді

Үкімет дерегінше, мал шаруа­шы­лығын кешенді дамыту үшін өндіріс көлемін ғана емес, соны­мен қатар саланың қосылған құ­нын арттыру да маңызды санала­ды. Осы бағытта тері мен жүнді өңдеу жобалары іске асырылып жат­қан көрінеді. Атап айтқанда, Ақтөбе облысындағы «КАФЕЛ­ТЕК» ЖШС жүннен жылу оқшау­лағыш материалдар өндіру жоба­сын жүзеге асыруда, ал Алматы қаласында Iskefe Holding ЖШС ауыл шаруашылығы жануарлары­ның терісінен желатин өндіру жоб­асы іске аспақ. Сондай-ақ тері мен жүнге салынатын экс­порт­тық кедендік баж салығы алын­ып тасталды. Тері өңдеу сала­сындағы істердің жай-жап­сар­ын Ауыл шаруашылығы мин­истрлігіне қарасты Мал шаруа­шы­лы­ғы департаментінің ди­рек­­торы Бағ­лан Аймырзаев түсіндіріп берген еді. Ол тері өндіру ісінде алға ілгерілеушілік бар екендігін, өңір­лерде тері, жүн өңдейтін зау­ыт­тар құрылысы қолға алынған­ды­ғын, бұл бағытта назар аудары­лып келе жатқанды­ғын жеткізген болатын.

– Мемлекет тарапынан тері өң­деу саласына қолдау бар. Мәсе­лен, Ақтөбе облысында жүн өң­дейтін KazFelTec деген зауыт ашу­ды діттеп отырмыз. Бұл өнді­ріс жүннен құрылсқа қажетті ма­тери­алдар да шығармақ. Ынта­лан­дыру мақсатында жүннің келі­сіне 200 теңге субсидия беруді қарастыр­дық. Жүнді халықтан жинау үшін сервистік дайындау орталықтары түзіліп, оларды жең­ілдетілген несиемен қолдаймыз. Алматыда Түркияның Iskefe Hol­ding компа­ниясы тері өңдеу зауы­тын салғалы жатыр. Бұйырса, 2027 жылы теріні өңдеп, желатин өнді­ріледі. Осылайша, дамыған елдердегідей мал шаруашылығын дамытып, өңдеу технологиясына көшіп, ел қазы­насы толыға түс­пек, – дейді деп­артамент басшысы. 

Былтырдан бастап тері өңдеу сала­сында оң динамика байқала бастаған. Бұрын жұмысы тұралап тұрған кәсіпорындар ісі қайта жан­данып, шетел инвесторлары қаржыландырып, бірізділікке түсе бастаған көрінеді. АШМ де­рек­теріне сенсек, таяуда Орал қаласында үш жылдық үзілістен кейін «ПОШ Руно» ЖШС был­ғары өңдеу кәсіпорны өз жұмыс­ын қайта бастаған. Ирандық ин­вес­торлардың қатысуымен Persist Kazakh K&K компаниясы арқылы кәсіпорынды қалпына келтіру про­цесі басталған бола­тын. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 1 млрд теңгені құрады. Кәсіпорын қуаттылығы жылына 800 мыңнан астам тері өңдемек. Сонымен қа­тар Арқалықта тері өңдеу зауыт­ына қытайлық инвер­торлар 6 млрд теңгеден астам қа­ра­жат құй­ып, жұмысы қайта жан­дана бас­тады. Жылына 12 мың дана өнім шығару діттеліп отыр. 

Үкімет Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын ма­құл­дады. Мал шаруашылығы тері мен жүн өндіру саласына тікелей қатысты. Бұл бағдарламадан, тері өңдеу саласындағы кәсіп иелері де үмітті. Демек, тері өндіруге біз­де сұраныс та, шикізатта, айна­лы­самын деген ниетті жандар жеткі­лікті болып тұр деген сөз. Тек жүйелі қолдау қажет-ақ.

Тоқетері, ауыл шаруашылы­ғының барлық ақпараттық жүйе­лерін біріктіретін «Е-АӨК» плат­формасы әзірленуде. Сондай-ақ тері мен жүнге салынатын экс­порт­тық кедендік баж салығы алын­ып тасталды. Бүгінде тері мен жүн экспорттайтын 15 кәсіп­орын жұмысы қайта жандана бастады. Осылайша, атакәсіптің бойына қан жүгірсе, төрт түліктен алынған тері өңделіп, тұрмыстың барлық саласына қолданылмақ. Бұл өз кезегінде импортқа тәуел­ділікті азайтып, отандық өнім көр­сеткіші артып, текстильдік өндірістің қарқын алуына жол ашпақ.

Олжас ЖОЛДЫБАЙ